Ардагер аналар «Сая» шипажайында тегін демалып жатыр
Курс валют в Актау
на 20/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
20 Апреля, 21:07
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ардагер аналар «Сая» шипажайында тегін демалып жатыр

11 Марта 2017 (22:07) | 2500 | Автор: Мира Ботабекова

 

 

Белгілі кәсіпкер Ұлбосын Ахметова халықаралық әйелдер мерекесіне орай маңғыстаулық ардагер аналарға тамаша тарту жасады. Жуырда ашқан «Сая» демалыс үйіне көп баланы дүниеге әкелген батыр аналарды, түрлі салада ұзақ жылдар тер төккен еңбек ардагерлерін тегін демалуға шақырды.

 

«Сая» демалыс үйінде ем алып жатқан апаларымыз бізді керемет көңіл күймен қарсы алды. Шипажайдың демалатын бөлмесінде ән шырқап, әңгіме дүкен құрып отыр екен. Барлығы да саналы ғұмырын елдің дамуына, бала тәрбиесіне арнаған ардагер аналар. Ә дегеннен тамаша демалыс ұйымдастырған, ем алуға шақырған Ұлбосын Жүзбайқызына алғыстарын жаудырды.

 

Қырық жылдай балаға білім беріп, тәрбиелеген ардагер ұстаз Ділдә Ғұбайдуллинаның «Сая» демалыс үйінде демалып жатқанынан бүгін төртінші күн екен. Аз уақыттың ішінде денсаулығының жақсарып қалғанын айтты.

 

«Адамның жасы ұлғайған сайын денсаулықтың сыр бере бастайтыны бар. Буындарымыз ауырып, аяқ-қолымыз сырқырап келген едік. Қазір өзімді жақсы сезініп жүрмін. Мұнда емнен бұрын адамдардың қарым-қатынасы өте жақсы. Ондай құрметті тіпті кейбіреулер баласынан да көрмейтін шығар. Әуелі аталарды, одан кейін міне аналарды шақырып, тегіннен тегін қызмет көрсетіп, өзінің бүкіл жүрек жылуын ұсынып жатқан адамды бірінші көруім. Бұрын Ұлбосынды сырттай білуші едім, оның іскер әйел екенін, құрылыс салып, көптің ықыласына бөленіп жүргенін баспасөз беттерінен оқып, телеарналардан еститінбіз. Енді жақыннан араласа келе Ұлбосынның соншалықты адал, мейірімді жан екеніне көз жеткіздім. Мен Ұлбосынды «аңыз әйел» дер едім. Бүгінгі таңда қыруар шаруа атқарып, баланы да жетілдіріп, өзгенің көңілін де тауып, жомарттық жасайтын адам кемде кем. Ұлбосын ер азаматтардың қолынан келе бермейтін міндетті атқарып жүр. Өте ризамын»,-деді Мұнайлы ауданынан келген еңбек ардагері Ділдә Ғұбайдуллина.

 

Ал, Айша Айтжанованың қуанышында шек жоқ. Ол шипажайға аяғы ауырып, таяқ сүйеніп келген еді. Қант диабетіне шалдыққан зейнеткер әзер қимылдайтын. Мұндағы ыстық суды қабылдаған соң аяғының көгерген жерлері кетіп, таяғын тастады. Қазір өздігінен жүріп, тұра алатын жағдайға жеткен. Тіпті инсулинді қабылдауды да доғарыпты. Еңбек ардагерінің алғыстан абсқа айтары жоқ.

 

Шетпеден келген 75 жастағы Тұрған Оразова да мерекелік тарту жасаған Ұлбосын Ахметоваға дән риза.

 

«Бізді осы жерге шақырып жатқан Ұлбосын сіңлімізге рахметімізді айтамыз. Жасымыз 75 келген екен. Осы жаста мұндай шипажайды бірінші рет көріп отырмын. Тегін әрі ықыластары өте керемет. Аялап отыр бізді. Суы қандай, қызметкері қандай тамаша десеңізш?! Суы керемет! 7 күн жатқан аз ем болады деп күндіз де, түнде де суға түсіріп жатыр. Аяғымыз жазылып жақсарыпкеле жатыр. Ұлбосынға зор денсаулық тілеймін, ана, әже бақытына бөлене берсін»,-деп Оразова Тұрған апай ақ тілегін жеткізді.

 

Жаңаөзен қаласынан келген 77 жастағы Ақбала әжей бізге сұхбат беріп отырып көзіне жас алды. «32 жыл еңбек етіп, 1991 жылы құрметті демалысқа, зейнетке шықтым.

 

Содан бері еленбей, өзімді архивте жатып қалған құжаттай сезініп жүр едім, Ұлбосын Ахметова жаңадан ашқан шипажайына шақырғанда төбем көкке екі елі-ақ жетпей қалды. Адам қартайған сайын жылы сөзді, ыстық ықыласты қалап тұрады екен. Ескерусіз қалған бізді мұнда хор қызындай күтіп жатыр. Тамағымыз жоқ, төсегіміз салулы, қажетті емнің барлығын алып жатырмыз. Ұлбосын қызым келгеннен бері асты-үстімізге түсіп, бар жылуын аямай беріп жатыр»,-деп әжей көзіне келген жасты іркіп қалды.

 

8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай шақырылған сегіз ардақты ананың барлығының да кәсіпкер Ұлбосын Жүзбайқызына алғыстан басқа айтары жоқ.

 

«Сая» демалыс орны Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Мұнда 987 метр тереңдіктен ыстық шипалы су шығып жатыр. 1987-1989 жылдары ашылған су көзі, кейін бекітіліп қалған. Араға 30 жылдай салып кәсіпкер Ұлбосын Ахметова судың көзін ашып, халықтың игілігіне жұмсауға көшті. Себебі кәсіпкер бұл судың қадірін жақсы біледі. Бел омыртқасы зақымданып, арбаға таңылған Ұлбосын Жүзбайқызы осы судың көмегімен аяққа тұрған.

 

Ұлбосын Ахметова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

-Омыртқам қатты зақымданғандықтан төсек тартып жатып қалдым. Дәрігерлер шұғыл операция жасау керек, басқа қолдан келер қайран жоқ, деді. Мен операциядан бас тарттым. Егер өмір бойы арбаға таңылатын болсам онда өмір сүрудің қажеті жоқ деп ойладым. Сондай қиналып жүрген кезімде геологтар жағалауда шипалы судың бар екенін айтты. Қабылдадым. Жеті күннен соң денсаулығым жақсарып, төсектен тұрдым. Сол кезде егер мүмкінідк болса осы шипалы су жанына адамдар ем алатын орын жасаймын, деп. Міне, жақында мақсатымыз орындалып, «Сая» демалыс үйі жұмысын бастады.

 

Бұл судың өте шипалы екені ғылыми негізде дәлелденді. Ұлбосын Ахметова суды Пятигорск қаласындағы ғылыми-зерттеу институтына зерттеуге жіберген болатын. Жақында әлгі орталықтан сараптама қорытындысы келді. Онда су буын, жүрек қан тамырлары, жүйе ауруларына, тері ауруларына, ішкен жағдайда асқазан, бауыр, бүйрек, өт жолдары, қант диабеті, зәр шығару жолдары, т.б. ауруларына өте пайдалы, емдік қасиеті жағынан әлемде баламасы жоқ, деп көрсетілген. Бұл ғылыми-зерттеу институты кезінде Кеңес Одағына мүше елдерде орналасқан шипажайлардағы сулардың сапасын тексеретін бірден бір орталық болатын.

 

«Сая» демалыс үйінде бір мезгілде 45 адам демала алады. Мұнда ем алушыларға білікті дәрігерлер қызмет көрсетеді. Шипажайда минералды ванна, оттегі коктейлі, емдік массаж бен физиотерапия қабылдауға, сонымен қатар парафинтерапиясын, магниттерапиясын, кедр бөшкесіне түсіп, ағзаны сауықтыруға мүмкіндік бар.

 

Шипажайда төрт мезгіл тамақтану қарастырылған. Демалыс орнының ауласында балаларға арналған ойын алаңдары, спорт алаңдары жылы суы бар бассейн бар. Бұл бассейнге жылдың қай мезгілі болмасын түсіп, емделуге болады. Ал, жаз айында таза ауада демалғыңыз келсе, оған арнайы жаздық үйлер салынған.

 

Саналы ғұмырын кәсіпкерлік саласына арнаған Ұлбосын Жүзбайқызы «құрылысшы әйел» атанып кеткен. Ол соңғы 30 жылын осы саланы дамытуға арнап келеді. Осы жылдар ішінде 700-ден астам отбасыға үй салып берген. Бірнеше ғимарат тұрғызды. Бекет ата бастаған сәулетті ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Кәсіпкер тынымсыз еңбектің арқасында жолында кездескен қиындықтарға еш мойымастан өз мақсатына жетті. Оның ендігі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балаларды емдейтін орталық ашу. Себебі, мұқтаж жандарға қолұшын беру, айналасына қуаныш сыйлау – кәсіпкердің өмірлік ұстанымы.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему