Ақтауда күйші, сазгер Сүгір Әлиұлының туғанына 135 жыл толуына орай концерт өтті
Курс валют в Актау
на 29/03/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
29 Марта, 02:01
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ақтауда күйші, сазгер Сүгір Әлиұлының туғанына 135 жыл толуына орай концерт өтті

23 Февраля 2017 (20:28) | 5465 | Автор: Нурганым Имашева

 

 

Мұрат Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында Қаратау шертпе күй мектебінің негізін қалаған күйші, сазгер Сүгір Әлиұлының туғанына 135 жыл толуына арналған «Қосбасар» атты концерт өтті.

 

Кештің шымылдығын Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Сүгір Әлиевтің «Бозінген» атты күйімен ашты. Оркестрге республикалық дирижерлар байқауының лауреаты Әлібек Мұратов жетекшілік етті.

 

Қазақтай өнері ұлық, ғибраты асыл халықтың маңдайына Жаратушы Сүгір атты үш бірдей дарынды ұлдарды беріпті. Соның бірі – Орал-Тайпақтағы Сүгір жырау Мырзалыұлы, екіншісі - атағы Маңғыстау мен Орта Азия елдерінен асып, Америкаға мәшһүр болған Сүгір жырау Бегендікұлы.

 

Үшіншісі – кешегі концертте күйлері орындалған, Қаратау шертпе күй мектебінің негізін қалаушы домбырашы Сүгір Әлиұлы.

 

Ақтау қаласының тұрғыны, кәсіпкер, өнер жанашыры, Қазақстан эстрадасында 70-тен астам әні шырқалып жүрген сазгер Ғалымжан Сағымбаев:

 

* Қазақтың маңдайына біткен дүлдүл күйшілерінің бірі де бірегейі - Сүгір Әлиұлы атамыз. Ол кісі 1861 жылы Жаңаарқада дүниеге келген. Өмірі Оңтүстік Қазақстандағы Созақ өлкесінде жалғасқан. Өзінің шертпе күйлерімен қазақтың той-думандарында өнерін паш етіп, шәкірттеріне үйреткен адам. Үлкен қобызшыларды айтатын болсақ, Ықылас Дүкенұлының шәкірті болып саналатын Сүгір Әлиев атамыздың тамаша күйлері қазақ өнерінің жауһарына айналғаны белгілі.

 

Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Сүгір Әлиевтің күйлерін дайындап, осы кешті өткізу туралы ұсыныс жасады. Бұл жерде бастаманы көтергендер - облыстық филармонияны басқарып отырған Нұрболат Құдұсов және оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижері Рахат Мадреев. Біз – Тама елінің азаматтары болғандықтан, Сүгір Әлиев атамыздың, Ықылас Дүкенұлының тікелей ұрпағы болып келеміз. Сондықтан Қарабура ұрпақтары жиналып, осы кешке атсалысып жатқан жайымыз бар.

 

Сүгір атамыздың концертте оркестр орындайтын «Бозінген» күйі – қазақтың маңдайына біткен үлкен композиция деуге болады. Бұл күйді өзіндік қолтаңбасы бар атамыз, өзіндік диапазоны, гармониямен шығарған. Сол шығармаларды бүгін тірілтіп, жастарға насихаттау бағытында ұйымдастырылып отырған кеш - бүгінгі концерт. Мен сазгер ретінде бұған өте қуаныштымын.

 

Алдағы уақытта бізді осындай жастарды тәрбиелеу бағытында аттары ұмытылып бара жатқан ақын-жырауларымыз, термеші-күйшілеріміз бар, соларды халық арасында кеңінен насихаттап, шығармашылықтарымен таныстыру сияқты кең ауқымды жұмыстар күтіп тұр деп айтар едім.

 

Сондықтан өнер саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға алғысымды білдіре отырып, еліміз аман болып, Маңғыстауымыз өркендей берсін дегім келеді,- деген пікірін білдірді.

 

Концертте өнер зерттеушісі, танымал композитор, жазушы Ілия Жақановтың Сүгір Әлиевтің шығармашылығы туралы айтқан пікірінің бейнежазбасы көрермендер назарына ұсынылды.

 

Кеш бойына концертті тамашалауға келген халыққа оркестрдің орындауында Сүгір Әлиұлының «Шалқыма», «Бес жорға», «Кер-толғау», «Аққу», «Ілме», «Тоғыз тарау», «Майда қоңыр», «Қаратау шертпесі», «Қосбасар», «Ыңғайтөк» атты күйлері тарту етілді.

 

- Сүгір Әлиұлының шығармашылығында шертпе күй де, төкпе күй де бар. Сазгердің күйлерінің көлемі ауқымды, композициялық деңгейін айтар болсақ, өте жоғары деңгейде, әсем әуендері бар, адуынды төкпелі жерлері де бар, керемет бір лирикалық нәзік жерлері тағы бар, -деді сазгердің шығармаларының ерекшеліктері жайлы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі Рахат Мадреев.

 

Қазақтың күй өнерінде Сүгір өзіндік орындаушылық, стильдік ерекшеліктерімен дараланып тұрады. Ол қобыздың «пірі» атанған Ықыластың төл шәкірті ретінде қобызды да жақсы игерген. Ықылас пен Арқадағы Сайдалы Сары Тоқадан бата алған Сүгір күйші жас кезінде Ықыластың күйлерін қобызда, кейіннен домбырада шеберлікпен орындаған деседі. Сүгірдің қобыз әуендерін домбыраға ұштастыруы жаңашылдық болды.

 

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему