Өзгелерге өнеге боларлық ізгілікті іс
Курс валют в Актау
на 19/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
19 Апреля, 11:32
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Өзгелерге өнеге боларлық ізгілікті іс

19 Декабря 2016 (10:30) | 2055 | Автор: Нурганым Имашева

 

Ата-баба арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген, тұңғыш Президентіміз қол қойған Конституциядан бастау алған Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды.

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ

Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінгі таңда егемен елімізді, қазақ халқын бүкіл әлем біледі. Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткен жетістіктерінің биік екенін біздің мұнайлы өлке экономикасының қарыштап дамуынан да көруге болады. Өлкемізде озық технологияларды игеріп, замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа кәсіпорындар көптеп ашылуда.

Солардың бірі -сапалы қызметімен көзге түсіп, осы уақытқа дейін қарқынды еңбек етудің нәтижесінде аймақтағы біраз жолдарды жаңадан салу, күрделі жөндеуден өткізу, күтіп ұстау жөнінен біршама тәжірибе жинақтап үлгерген, 2003 жылы негізі қаланған жол құрылыс компаниясы – «Алтынқұрық» ЖШС.

Болашаққа жол салуды мақсат еткен аталмыш компанияның жұмыс алаңына шілде айында арнайы сапармен барып, кәсіпорынның қарқынды қызметімен, еңбектегі жетістіктерімен және озық заманауи технологияны өндіріске енгізудегі жаңалықтарымен танысып, олар туралы ақпаратты оқырмандар назарына ұсынған болатынбыз.

2018 жылға қарай облыстың жол құрылыс саласында көшбасшы болуды өзінің негізгі стратегиялық мақсаттарының алдыңғы қатарына қойған аталмыш компания сонымен қатар, құрылыстың технологиялары мен қауіпсіздігін үнемі жетілдіріп отыру, өндірістік қуаттарды өсіру, келісімшарттар санын арттыру, жұмысшылардың мансаптарының әрі кәсіби өсулеріне жағдай жасау сияқты бағыттарды ұстануда. Құрылыстың ең үздік тәжірибелері мен қауіпсіздік технологияларын қолдана отырып, өмір сүруге қолайлы орта жасауды өзінің негізгі міндеті санайды.

Мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерінің бар жағдайын жасап отырған компания басшылығы жұмысшылардың салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр болуына көңіл бөліп, компания ашылғаннан бері «Орбита» спорт кешенінен арнайы спорт залын жалға алып, спорттық шараларға өз қызметкерлерінің белсене қатысуына мұрындық болып, мекеме жұмысшыларынан волейбол командасын құрып, спортта жақсы жетістіктерге жетіп жүрген ол топ байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп жүргені де баспасөз беттерінен облыс тұрғындарына мәлім.

 

 

МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕНІҢ МӘРТЕБЕСІ

Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында «Алтынқұрық» ЖШС басшылығының өзгелерге өнеге боларлықтай тағы бір ізгілікті ісінің куәсі болдық. «Алтынқұрық» ЖШС жол құрылыс компаниясыңың басшысы Қуанышбек Спанұлы Әбдірахманның бастамасы, шынымен де, елге үлгі боларлықтай екені сөзсіз. Сол өз көзімізбен көрген игі іс, жақсы бастама туралы бүгін елге баяндауды жөн көріп отырмыз.

«Ол қандай маңызды бастама еді?» – деген сауал қызықтырған ағайынға айтарымыз - «Алтынқұрық» ЖШС компаниясыңың басшылығы, бүкіл ұжымы Еліміздің Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанды Ұлы дала елінің ұлттық мерекесі ретінде өткізуді бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырған. Бұл туралы:

-Өз тарапымыздан бұл күнді ұжым және отбасы мүшелерімен бірге әртүрлі ойын-сауық, спорттық шаралар өткізіп, Қазақстанда өндірілетін өнімдерден сыйлықтар мен азық-түліктер дайындап, оларды балаларға, мүжәлсіз отбасыларына тарту етуді жөн көреміз. Сондықтан салтымызда болмаған нәрселерді жасанды мереке қылып алып, ысырапшылдықпен тойлаудың орнына өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға жол берейік. Әрқайсымыз болашақта осындай игі істерге атсалысып, ұмтылыс жасасақ одан ұтарымыз мол екені сөзсіз.

Ендігі кезекте біз өзіміздің рухани байлығымызды күшейтуіміз керек. Рухани байлығымыз дегеніміз – ол біздің атадан қалған салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз. Өз басым, ел арасында ата-бабамыздан қалған қазақы дінімізді, ана тіліміздің мәртебесін жоғары ұстауды насихаттағым келеді. Бүкіл қазағым еліктеу дегенді қойып, бір-бірімізбен тек ана тілімізде сөйлессек, себебі тіл дегеніміз – халықтың рухы, жаны. Тілі бар болса ғана халық болады, ұлт өз келбетін сақтайды. Сондықтан халқымыз Тәуелсіздіктің бізге берген сыйын бағалап, рухани құндылықтарымызды ардақтауы тиіс.

Алла бізге Тәуелсіздігімізді дәріптейтін тәртіпті, өнегелі, иманды ұрпақты нәсіп етсін деп тілеймін. Адам болып жаралған соң бір-бірімізге мейірім шапағатымен қарап, жақсылық жасауға ұмтылуымыз керек. Бір-бірімізді сыйлап өтсек, жағдайы төмен жандарға қол ұшын беріп, мұқтаж адамдарға көмек көрсетсек – бұл біздің адамдық парызымыз. Менің ұраным – «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың – біріне бер» деген. Сондықтан балаларымызға жаңа жылдан гөрі Тәуелсіздік мерекесін дәріптеп, осы мейрамды ардақтауға үйретсек, болашағымыздың жарқын болары, сөзсіз.

Еліміз – тыныш, көк байрағымыз көкте желбіреп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – дейді «Алтынқұрық» ЖШС жол құрылыс компаниясыңың басшысы Қуанышбек Спанұлы Әбдірахман.

Қарақия ауданынан облыстық мәслихатының депутаты Қуанышбек Спанұлы: «Тәуелсіздіктің көк байрағын биікте желбіретіп, елімізді одан әрі дамытуға әрбір қазақ азаматы, әрбір қазақстандық жан аямай өз үлесін қосуы керек.деп есептеймін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан осы кезеңге дейін басты мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қиыншылықтарға жауап беру болған болса, бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жас ұрпақтың сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлу керек деп білеміз. Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтап, дамыту мақсатында айналамызда мүжәлсіз отбасыларының, зәру мүгедектердің, жетім-жесірлердің бар екенін сезініп, оларға қол ұшын созып және мемлекетіміздің болашағы - жас ұрпақты патриотизмге, елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Алтынқұрық» ЖШС ұжымы Еліміздің Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсанды Ұлы дала елінің ұлттық мерекесі ретінде өткізуге үндейді», - деп мәлімдеді.

 

 

Спортқа, ұлттық мерекелерімізге және басқа да кез-келген салаға демеушілік жасап жүрген кәсіпорын басшысы Қуанышбек Спанұлы, 160 адамды жұмыспен қамтып отырған «Алтынқұрық» ЖШС жұмысшыларының балаларына және өзі депутаты болып саналатын Қарақия ауданындағы 5 елді мекен мен Баянды, Батыр және Теңге ауылы сынды елді мекендердің мүжәлсіз отбасылары және мұқтаж жандарына «25 жылдыққа - 25 сый» ретінде азық-түлік салынған қораптар мен «Тәуелсіздік тартуы» етіп, балаларға арналған сыйлықтарды таратқан. Ел ағасының ондағы ойы – адамдар қайырымылықты сезінсін, ізгілік ниетпен жақсылық жасауға ұмтылсын, ел ертеңі – балалар Тәуелсіздік мерекесінде алған сыйлықтары арқылы осы бір қастерлі күннің қадірін, мәртебесін сезініп, елін, жерін, өз халқын кадірлей білсін, тілін, дінін ардақтап өссін деген ізгі ниетті насихаттау еді.

Жыл бойына әрбір мерекені қалт жібермей, 9 мамырдан бастап, кез-келген мерекеде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға тырысқан Қуанышбек Спанұлы ораза айында 450 адамға ауыз ашу рәсімін жасап, Құрбан айтта 80 отбасына ет таратып, әрбір отбасында қазаны қайнасын деген ниетпен, 400 кг – нан астам етті елге таратып берген.

Одан соң да «1 қазан - Халықаралық Қариялар күнінде», халқымыздың қазынасы саналатын қарияларға құрмет көрсетіп, 30-40 ақсақалдың иығына шапан жапты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өзі басшылық етіп отырған «Алтынқұрық» ЖШС ұжымындағы еңбегімен көзге түскен бірқатар жұмысшыларына салтанатты түрде облыс әкімінің Алғыс хаты, Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және компанияның Құрмет Грамоталарын табыстап, жұмысшыларға жыл бойғы еңбектері үшін алғысын білдіріп, ұжымның барлық қызметкерлеріне мерейтойлық мерекеге орай, отбасыларымен бірге ұлы мерекенің мәртебесін сезініп, отбасында тойласын деген ниетпен қаржылай сыйақы бергенінің, мерекелік дастарханын жайып, ұжымның басын қосып, ол жерде жақсы тілектер айтылып, ризашылықтар білдіріліп, келер күндерге үкілі үміт артылып, сондай бір ізгілікті істің, ауызбіршілігі жарасып, ынтымағы ұйыған ұжымның мерекелі көңіл-күйінің куәсі болдық.

Мерейлі мерекеге орай Қуанышбек Спанұлының да ел игілігі үшін атқарған ерен еңбегі еленіп, «ҚР-ның Құрметті жолшысы» атағына ие болып, Елбасы қол қойған куәлігімен қоса «Тәуелсіздікке-25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Халық қалаулысы болып, Қарақиядай бүтіндей бір ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өз үлесін қосып жүрген, «Алтынқұрық» ЖШС сияқты табысты компанияға басшылық етіп, аймақ экономикасының күре тамыры саналатын автомобиль жолдарын салуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген Қ. Әбдірахман сынды азаматтың ел үшін атқарған жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алғаны жаны ізгілікке толы басшысын құрмет тұтатын компания ұжымы үшін де зор мәртебе болды. Кәсіпорын қызметкерлері үлкен қуанышпен басшысын қос марапатымен құттықтап, ізгі тілектері мен ыстық ықыластарын білдіріп жатты.

Өз жұмысшыларын марапаттау кезінде жүрегіндегі ізгі ниетін білдірген басшы Қуанышбек Әбдірахман:

-3 - 4 жылдан бері ұжымымызда қалыптасқан дәстүрге сай, бұрын жаңа жылда балаларға берілетін сыйлықтарды біз жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында табыстап жүрміз. Балаларыңызға Тәуелсіздігіміздің қадірін ұғындыра жүрңіздер, отбасыларыңызбен дастархан басында мерекені тойлау кезінде бұл мерекенің мәртебесін сезінуге тырысыңыздар. Себебі біз үшін – ең ардақты мереке осы болуы тиіс, - деді.

Осындай ұжымның үлгілі, ізгілікті ісі өзгелерге өнеге болып, Тәуелсіздігіміздің әкелген жемісін бүгінгі таңда жаңа дәуір көшіне ілесіп, қарқынды даму жолына түскен егемен еліміздің әрбір азаматы жан-жүрегімен сезіне, ұғына алса нұр үстіне нұр болары, сөзсіз.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему