Түркия қазақтарының қазақшасы қалай?
Курс валют в Актау
на 29/03/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
29 Марта, 18:34
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Түркия қазақтарының қазақшасы қалай?

25 Ноября 2016 (09:33) | 2652 | Автор: Мира Ботабекова

 

Құрамында «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен маңғыстаулық өнерпаздар, мәдениет саласының қызметкерлері бар топ Әзірбайжан елінен соң Түркияға барды.

 

Тағдырдың жазуымен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, атамекеннен алыста, шетелдерде қазақ атын жоғалтпай күн кешіп жатқан отандастар мен қандастарды іздеп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында елдің жеткен жетістіктерін баяндап, ыстық сәлемін жеткізуге жолға шыққан «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің арнайы делегациясын түрік қазақтары қорының басшылары мен Түркиядағы Қазақстан Республикасының консулдығының өкілдері Ататүрік әуежайынан күтіп алды.

 

Маңғыстаулықтардың Түркиядағы сапары Стамбулдың Зейтүн бурну ауданында орналасқан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев атындағы орта білім беретін мектепте басталды. Мәрмәр теңізінің жағасындағы Зейтүнбурну ауданында қазақтар көп шоғырланған. 2005 жылғы мәліметтер бойынша, онда 3 мыңдай қазақ отбасы тұратын. Бүгінде олардың саны арта түскен. Мектептің акт залына оқушылар мен ұстаздар жиналып, қазақстандық делегация өкілдерімен кездесті. «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Шамшадинова жобаның мақсатымен таныстырып, бүгінде Тәуелсіздігінің 25 жылдығын зор мәртебемен атап өтіп жатқан елден сәлем жолдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша елдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен қол жеткізген жетістіктерді баяндады. Ал, түрік қазақтары қоры директорының орынбасары Зафер Селви кездесудің маңыздылығына тоқталды. «Ата жұрттан арнайы келген бауырларға қуанышымды айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері теңіз асып, Түркиядағы қазақ диаспорасымен кездесуге келіп отыр. Қош келдіңіздер! Елден жеткен сәлем ыстық, сағынып келген қара көз қазақтың өзі артық»,-деді З. Селви.

 

2 мыңға жуық оқушы оқитын білім ордасы 1995 жылы қазақ ақынының атын алған. Түрік жерінде туып-өскен қазақтың 40-тай ұл-қызы да осында оқиды екен. Діни бағыттағы орта мектеп балғындардың көбісі өздерінің қазақ екендіктерін бізге қуана айтқандарымен, ана тілінде сөйлей алмайтын болып шықты. 11 жастағы Эсме Нұрозал қазақша сөйлей алмайды. Өзінің ата-бабасының мекені Қазақстанға да мүлдем келмейді екен. 12 жастағы оқу үздігі Зехра Бшар да қазақтың қызы болғанымен, аты мен заты түрік дерсің. Түрікше мәнерлеп өлең оқудан талай сайыстарда жеңімпаз атанып жүрген ол қазақша бірде-бір тақпақ білмейді екен. Тағы бір өкініштісі, Абай жолы көшесінде орналасқан Абай атындағы мектептің оқушылары қазақтың біртуар ақыны жайлы ештеңе білмейтін болып шықты.

 

 

Ал, туған тілін ұмытпай, жат жерде қолданудан жалықпайтын балалар да бар екен. Солардың бірі – егіз қыздар Әлия, Әсем Кулус. Түрік жеріне Алматы облысының Қаскелең ауданынан ата-анасының қызметі бабымен қоныс аударған қос бүлдіршін қазақша емін-еркін сөйлеп тұр. «Қазақша сөйлегенді жақсы көреміз, өйткені, біз қазақпыз. Бірақ, қазақша тек отбасында ғана сөйлесеміз. Мектепте, көшеде тек түрік тілінде араласамыз. Көптеген қазақ балаларымен де түрікше сөйлесеміз. Олар өз тілдерін білмейді»,-дейді Ә. Кулус. 10 жастағы Имран Әли де қазақша сайрап тұр. Демалыс кездерінде Алматыға барғанды ұнататын ол өзінің қазақ екеніне мақтанатынын айтты. Харун Адай атты қазақтың қара баласы қазақша жақсы сөйлейді. Түркістанда тұратын әжесіне жиі баратын болуы керек, Қазақстанға деген жүрекжарды тілегін туған тілінде тамаша жеткізді.

 

«Түркияда қазақ мектебін ашу туралы мәселе көтеріліп, Елбасы тапсырма берген деп естіген едік. Бірақ, бұл мәселе шешілмей тұр. Мұнда орыс, украин мектептері бар. Үлкендер жағы ана тілдерін сақтап қалды. Бірақ, бүгінгі ұрпақтың туған тілдерін ұмытып қалатын қаупі бар»,-дейді түрік қазақтары қоры директорының орынбасары З.Селви.

 

«Түркиядағы қазақ балаларының ана тілін білмейтіндіктерінің себебі – қазақша мектептің, жоғары оқу орнының жоқтығы. Туған тілін үйренуге ниет танытқандарды оқытатын латынша оқулықтар жоқ. Мұндағы этникалық қазақтар кириллицаны білмейді. Әрине, келешекте бұл мәселе шешіледі деп үміттенемін. Абай шығармашылығына, түрік әлеміне көңіл бөлінеді деп ойлаймын. 1986 жылы құрылған түрік қазақтары қоры қазақ диаспорасына қатысты мәселелермен айналысады. Қордың бастамасымен қазақ тілі, домбыра курстары ашылған. Бірақ, мемлекет тарапынан қаржылай еш көмек алмайтын қорға материалдық қолдау керек»,-дейді Түркиядағы ҚР консулдығының өкілі Ғ.Ерімбетов.

 

Қазақ тілі мен домбыра үйірмелерінің ашылғанына көп уақыт болмаған. Дегенмен, 2 айдың ішінде қазақтың қара домбырасын үйреніп, сахнаға шығып үлгергендер де бар көрінеді. Қазақтың ұл-қыздарының өнер-білімге деген құштарлығы зор. Сондай-ақ, Стамбулдағы диаспора өте ұйымшыл. Жыл сайын құрылтай ұйымдастырылып, ұлттық мейрамымыз – Наурызды айрықша атап өтеміз. Атамекеннен алыста жүрсек те, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын сақтауға тырысамыз,-дейді түрік қазақтары қорының қызметкері А.Байжанова. «Қазақ балалары, түрік әдебиеті кафедрасында оқитын студенттер мен бизнесмендерге қазақ тілін үйретемін. Оқушылардың ынталары жоғары. Оқыту барысында оқулықтарға байланысты қиындықтар болып тұр. Мұндағылар кириллицаны білмейді, ал, латынша оқулықтар жоқ»,-дейді қазақ тілі курсының мұғалімі, Мармара университеті докторантурасының дін-социология бөлімінің докторанты Г. Тоқтарова.

 

 

2005 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Түркия мемлекетінде 25 мың, ал, Стамбул қаласында 5-6 мың қазақ ұлтының өкілдері бар. Көбісі тарихтың талқыға түскен қысталаң кездерінде қоныс аударған. Бірқатары өткен ғасырдың 50-ші жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан, сондай-ақ, ХХ ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ираннан босқындыққа ұшырап, табаны түрік жеріне тигендер. 1970 жылдары түрік үкіметі қазақтарға құрылыс салу үшін жер беріп, бұл ауданды қандастарымыз «Қазақкент» атаған. Қазір бұл аудан «Гюнешли» деп аталады. Қазақтар шоғырланған мекеннің түрік тілінен аударғандағы атауы «Күн сәулелі». Түркиядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің жергілікті халықпен және әкімшілікпен қарым-қатынасы жақсы. Жоғары білім алу өте қымбат болғандықтан, көптеген қазақ жастарының онда оқи алмайды. Ал, студенттер арасында қазақтың ұл-қыздары озат оқуымен көзге түседі екен. Соңғы жылдары түрік жерінде экономика, құрылыс, медицина және заң саласында білім алатын студенттердің саны 200-ден асқан. Дегенмен, этникалық қазақ отбасыларының ұл-қыздары тері өнімдерін өңдеу, тігу және сату бизнесімен айналысады екен. Статистикалық мәліметтерге сенсек, түрік жерінде тұратын қазақтардың көпшілігі ол жерден басқа аймаққа қоныс аударуға талпынбайды. Бұл туралы Стамбулдағы түрік әлемі орталығында өткен қазақ диаспорасымен кездесуде мәлім болды. Қазақстаннан делегация келгенін естіген отандастар орталыққа көп жиналды. Қазақстанның бүгінгі дамуы мен ертеңгі қадамдарын айқындайтын мемлекеттік бағдарламалардың барысы, қол жеткізген жетістіктер жәйі сөз болды. Түркиядағы ағайындар тарихи Отанының қазіргі тұрмысына сүйсініп, келешектегі келбетіне зор үмітпен қарайтындықтарын айтты.

 

«Өзім музыкантпын, қызым түрік азаматымен отбасын құрып, осы жаққа қоныс аударғалы мен де жиі келіп тұрамын. Түркияда тұратын қазақтың ұл-қыздарын домбыра, қобыз, сыбызғы тартуға үйретіп жүрмін. Білімдері таяздау болғанымен, талаптары күшті. Соған қуанамын. Енді ішекті аспаптарда ойнауды үйрететін мамандар керек»,-дейді Ш. Жетпісбайқызы.

 

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қазақ елінен сағынышты сәлеммен жеткен «Жанартау» қоғамдық бірлестігіне алғыс айта отырып, туған еліміз - Қазақстанды мәртебелі мерекесімен құттықтаймын! Қазақ елінің болашағы жарқын болып, Алланың назарында болғай! Түбі бір түрік жеріндегі қазақ диаспорасының бір мәселесі –өскелең ұл-қыздардың ана тілдерін қолданбай, ұмытып бара жатқандығы болып отыр. Сондықтан, тілді сақтау үшін – нақты іс-шаралар қажет деп санаймын»,-дейді Түркиядағы ҚР Елшілігінің қызметкері Ф. Пірназаров.

 

Кездесуге жиналғандар Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысымен қолға алынған «Шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасының маңыздылығы мен өзектілігін айтты. Қазақ қайда да қазақ. Әлемнің қай бұрышында да тілі мен салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Қара домбыраның үнін, халық әнінің сазын сағынады. Бір-бірін бауырына басып, кездесіп, жүздескенді жақсы көреді.

 

«Әзірбайжан, Түркия мемлекеттеріндегі қандастарымызды көріп, олардың тұрмыс-тіршілігіне куә болып, сағыныш әнін бірге салып, отаншыл жырлар оқып, көзге жас алдық. Тұрымтай тұсына, балапан басына қашқанда атамекеннен жырақтап, «Елім-айлам» егіліп кеткен отандастарымыздың бүгінгі өмірі өзгелерге тең болмаса, кем емес екен. Тілін, ділін, салтын сақтауға ұмтылып, қазақ десе жүрегін жұлып беруге даяр екен. Қазақ деген атына кір келтірмей, абыройлы күн кешкен ағайындарға амандықтан тілеріміз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,-дейді «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Шамшадинова.

 

«Қазақ диаспорасымен кездесулерге маңғыстаулық делегация мүшесі ретінде мен де қатыстым. Жүздесулер өте жоғары деңгейде өтті. Қандастарымыз бізді көргенде қатты қуанды. Қазақтың жырын тыңдап, әнін естіп бір марқайды. Тағы келуімізді қайта-қайта сұрады. Осындай жаңашыл жобаны жүзеге асырып жүрген «Жанартау» қоғамдық бірлестігі мен Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасына шексіз ризашылығымды білдіремін»,-дейді ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Н.Оспанова.

 

Түркия – Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Жер көлемі жағынан әлемде 37-ші орын алып, халқының саны 72 млн-нан асады. Тәуелсіздігін сонау 1923 жылы алған мемлекет Осман империясының ыдырауымен пайда болған. Кіші Азия түбегінде орналасқан Түркияны Қара, Жерорта, Эгей және Мәрмәр теңіздер қоршап, шығысында Грузия, Әзірбайжан, Иранмен, батысында Болгария, Грекиямен шекаралас жатыр. Босфор бұғазы үстіне 1973 жылы Түрік Республикасының 50 жылдық құрметіне салынған көпір Азия мен Еуропа құрлықтарының арасын жалғастырып тұр.

 

Жоба аясындағы жұмыстар алда да жалғасын табатын болады. «Жанартау» болашақта шет елдерде тұратын қазақ диаспорасының жас та талантты өкілдерімен бірлескен шаралар өткізуді көздеп отыр.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему