Республикалық сайыстың жеңімпазы атанды
Курс валют в Актау
на 27/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
27 Апреля, 03:38
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Республикалық сайыстың жеңімпазы атанды

1 Ноября 2016 (20:26) | 2319 | Автор: Нурганым Имашева

 

 

            М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының камералық ансамблі жуырда Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған камералық оркестрлердің республикалық фестиваль-конкурсында жүлделі І орынды жеңіп алды.

            Өлкеге жеңіспен оралған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Жаңбырбаева Анар Асанқызымен жолығып, аталмыш сайыстың қалай өткенінен хабардар болдық.

-                     Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған камералық оркестрлердің республикалық фестиваль-конкурсы өте жоғары дәрежеде өтті. Ұйымдастыру алқасына Республикамыздың 14 облысынан сайысқа қатысу туралы 14 өтініш түскенімен, конкурсқа 8 оркестр қатысты. Барлық қатсушылар саны 300 адамға жетті.

Конкурстың мақсаты – республиканың әр аймағындағы музыканттар қалай дамып, өсіп, жұмыс істеп жатыр, шеберліктері қандай екенін байқап көру болатын.

Біз үшін бұл сайысқа қатысу – үлкен жауапкершілік, тынымсыз еңбек болды. Үздік атанып, жеңімпаз болуымыздың себебі де осы – талмай еңбек етіп, жауапкершілікті сезінгеніміздің нәтижесі дер едім.

Орталыққа шығып, өнерімізді көрсеткеніміз біздің ұжым үшін –үлкен бақыт, зор мақтаныш, үлкен сабақ болды, себебі ұжымның өнерін әділқазылар алқасы да, кәсіби мамандар да жоғары баға беріп, бағалады. Олар бізге музыканың мағынасын өте дәл жеткізе алдыңыздар, эмоционалды тұрғыда өте жақсы өнер көрсеттіңіз, кәсіби штрихтарыңыз қандай жақсы болды деген сияқты мақтауларын білдірді,- деді Анар Асанқызы.

Ұжым басшысының айтуынша, «Конкурстың қазылары арасында ҚР Халық әртісі Алматы қаласы әкімінің камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Мұрат Бекмұханбетұлы Серкебаев, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның профессоры Әнуар Акбаров және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игнатенко Александар Павлович, сосын Қазақстан композиторлары Одағының мүшесі, танымал композитор Балнұр Қыдырбек болды.

Балнұр Қыдырбек 1983 жылы Маңғыстауға келген сапарында «Ақтау сарыны» деген шығарма жазған болатын. Сол шығарманы біздің өнері ұжымы орындап жүр, біздің репертуарымызға 2-3 жылдан бері мықты енді, себебі оның аты да бар. Біз қай жаққа концертпен барсақ та, «Ақтау сарыны» деп орындағанда, Ақтау қаласының тұрғындарының табиғи болмысы, өр тұлғасы, мінезі,өмір сүру ритмі дейміз бе - бәрі бар сол шығарманың ішінде, заманауи стильде соның бәрі көрініс тапқан деуге болады.

Қазақстан композиторлары Одағының мүшесі біздің дирижеріміз Рахат Мадреев көптеген сазгерлердің шығармаларының нотасын бізге алып келген болатын, сол үшін де біз ол кісіге ризамыз. Ал біздің оркестр –жаңашылдықты сүйеді, жаңа нәрсе болса, соны орындап шығуға қашан да құмар. Оркестрдің құрамы - бәрі консерваторияны тамамдаған кәсіби мамандар, 2007 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаев шақырғанда, біраз мамандар, жаңа күштер келді. Сол мамандар әлі күнге еңбек етіп, Маңғыстаудың өнерін дамытуға үлес қосып жүр, олар тек музыкант ретінде ғана емес, сонымен қатар ұстаздар ретінде де қаншама балаларды өнерге баулып жатыр, жас ұрпақты өнерге қанат қақтыруда.

Мысалы мен өзім 2009 жылы келгенімде өнер мектебінде бар болғаны тоғыз-ақ бала скрипкаға оқып жатса, қазір 100-ден аса бала скрипкаға үйренуде».

Конкурста І орынды Маңғыстау облыстық филармониясының камералық ансамблі жеңіп алса, ІІ орынға – Қарағанды және Ақмола (Көкшетау) облыстарының камералық оркестрлері лайық деп танылып, үшінші жүлделі орын – Қызылорда және Оралдың камералық оркестрлеріне бұйырыпты.

Камералық ансамбльдің көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаева:

-                Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ұжымның аянбай тер төгіп, тынымсыз еңбек етуінің нәтижесінде осындай жетістікке жеттік.

Біздің камералық ансамбль осыдан екі жыл бұрын өзінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өтті. Менің алдымда 10 жылдай ансамбльдің жетекшісі Георгий Саркисович Каспаров болды, қазір ол кісі зейнеткерлікке шыққан. Оны барлық ақтаулықтар біледі. Бұл кісінің алдында ансамбльді құрған Лазимов деген азамат болатын. Ол кісі біраз жылдан соң Ресейге қоныс аударды.

Камералық ансамбль құрамында 12 өнерпаз бар. Әкімгеріміз – Ақтау қаласына белгілі, аймақ тұрғындарының сүйікті әншісі Нұрияш Оспанова. Біздің барлық концерттерімізді ұйымдастырып, барлық барған жерімізде концерттерімізді қойғызып жүрген сол кісі. Біз тек өзіміз ғана шығып жатқанымыз жоқ, біздің өнер көрстуіміз үшін өзінің үлестерін қосып жатқан – өзіміздің администраторымыз-Нұрияш Оспанова, біздң солистеріміз, бізбен өте көп Шархризада Сапарова ән айтады, ол өзі симфониялық оркестрдің әншісі бола тұра, бірақ бізбен өнер көрсеткенді ұнатады. Сосын дирижеріміз Рахат Мадреев те біздің ұжымның танылуына көп септігін тигізуде.

Сонымен қатар Орталықтағы мамандардың жақында ғана бізге берген бағасын тілге тиек етер болсақ, өзіміздің де кәсіби шеберлігіміздің барын айтар едім, - деді.

Осы жерде ансамльдің әкімгері Нұряш Оспанованы да сөзге тарттық. Облыстық филармонияда 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Н.Оспанова симфониялық оркестр мен камералық ансамбльдің әншісі.

-                     Құрылғаннан бері 40 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан камералық ансамбльмен 5-6 жылдан бері тіғыз жұмыс істеп келем, Ұжымға өте ризамын, себебі біз балабақша, мектептер, колледждерде көптеген концерттер береміз. Классикалық шығармаларды, қазақтың халық әндерін жас ұрпаққа насихаттап жүрміз, осы тұрғыдан қазақ өнерінің дамуына өз үлесімізді қосып жүрміз деп ойлаймын.

Бұған облыстық білім басқармасының да септігі тиіп отыр. Басқарма басшысы Зейнеп Жұмағалиқызы Тастеміроваға мен өз алғысымды айтқым келеді, себебі ол кісі біздің концерттерімізді құп көріп, ұйымдастыру жөнінен үнемі көмек көрсетіп отырады.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаева және дирижеріміз Әділ Бестембековпен де тығыз жұмыс істеу арқылы осындай концерттерімізді өткізіп жүрміз.

Кешегі өткен республикалық конкурстағы камералық ансамбльдің жеңісі – үлкен еңбектің жемісі, өйткені музыканттар концерттерін де беріп жатады, өнер мектептерінде шәкірт тәрбиелеп, олармен де концерт ұйымдастырып, балаларды да конкурстарға дйындап, бәріне де үлгеруге тырысып жатады. Осының бәрі оңай емес, сонда да өнерпаздар тынбай еңбектенумен келеді.

Камералық ансамбльдің ұжымына өзім ризашылығымды білдіремін. Өнерпаздардың бәрі де кәсіби мамандар. Мұндай сайыстар – өнер иелерінің дамуына, деңгейлерін жоғарылата түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын, - дейдікамералық ансамльдің әкімгері Нұряш Оспанова.

Атаулы өнер ұжымын республикалық сайыстағы үлкен жеңісімен біз де құттықтап, өрлеу, өсу, асқақ абырой мен биік белестерді бағындыруды тілейміз.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему