Жолаушылардың қауіпсіздігін күзетуде
Курс валют в Актау
на 02/05/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
2 Мая, 02:53
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Жолаушылардың қауіпсіздігін күзетуде

19 Сентября 2016 (09:28) | 2130 | Автор: Нурганым Имашева

 

Қоғам тыныштығын күзетіп, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтауда ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің сақшылары белсенді қызмет етуде. Жалпы еліміз бойынша аталмыш департаменттің бақылауында 303 теміржол вокзалдары мен 18 аэропорт бар. Сондай-ақ, 13 түйісу станциялары бар, олар: Ресеймен-8, Өзбекстанмен-2, Қырғызстанмен-1, Түрікменстанмен-1, Қытаймен-1

 

Жылына теміржол қызметін шамамен 20,5 миллион және әуе қызметін 5 миллионға жуық жолаушы пайдаланатын көрінеді. Облыс орталығында да аталмыш департаменттің Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі жұмыс жасайды. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақын танысу мақсатында арнайы барып, қызметкерлермен сұхбаттасудың мүмкіндігін іздестірдік.  

 

ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің бас ғимараты Маңғышлақ станциясында орналасқан. Мекемеде 90 қызметкер табысты еңбек етіп, әуе және темір жол нысандарында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, орын алған қылмыстардың ізін суытпай ашуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың құқығын қорғауда тәулік бойы жұмыс жасайды.

 

- Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі мен оған қарасты желілік полиция бөлімшелерінде 181 қылмыстар туралы арыздар мен хабарламалар тіркелді. Жыл басынан бері желілік бөлім қызметкерлерінің жалпы қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижесінде ауыр қылмыстар саны 50,0 пайызға төмендеді.

Есепті мерзім ішінде Ақтау ст.ІІЖб-нің қызмет көрсету аумағында аса ауыр қылмыстар орын алған жоқ. Бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі 62,5 пайызға төмендеді, оның басым бөлігі-ұялы телефон ұрылығына байланысты болып отыр, - деді көліктегі ІІД Ақтау стансасының ЖІІБ басшысы Серікқали Кужиев.

 

 

1427 АЗАМАТ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАН

            Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзғандары үшін аймақ бойынша барлығы 1427 адам тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,05 пайызға өскендігін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтың басым бөлігі тәртіпсіздіктер мен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ұстанудағы құқықбұзушылық деректері құрайды. Мәселен, қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 44 адам, оның ішінде 20 ортақ пайдалану орындарын ластағы үшін, 129 адам мас күйінде жүргені үшін, қоғамдық орындарда тиісу немесе қызметін ұсыну дерегі бойынша 3 хаттама толтырылған.

            - Ювеналдық полиция тобы бойынша Ақтау ст.ІІЖб-нің балалар бөлмесіне 17 жасөспірім әкелініп, оларға профилактикалық тақырыпта әңгіме жүргізіліп, ата-аналарына табыс етілді.

 Өткен жылдың есепті мерзімінде 14 балаға құқық бұзушылықтың алдын-алу шаралары жүргізілді. Кәмелет жасқа толмаған балаларының түнгі сағат 23.00 мен таңғы 06.00 аралығында үйден тыс жерде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-ның 442 бабы 2 бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 7 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

 

Сондай-ақ, ҚР-ның көші-қон заңнамасының келіп-кету ережелерін бұзғандығы үшін 237 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімі бойынша 208 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынып, 12 шетелдік азамат ел аумағынан шеттетілді, - деді тілшілер тарапынан қойылған сауалға жауап берген көліктегі ІІД Ақтау стансасының ЖІІБ басшысы Серікқали Кужиев.

 

13 РЕТ ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өткені үшін 665 азамат, поездарды өз еркімен тоқтатып немесе вагон терезелерінен қоқыс тастағаны үшін 172 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

- Сондықтан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Мұнайлы ауданының әкімдігінде жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы мәселесі қарастырылып жатыр.Теміржолдардың үстімен өтетін көпір керек. Ол Қызылтөбе ауылын және Маңғышлақ стансасын байланыстыруы тиіс.

Жалпы жолдарда орын алған оқыс оқиғалар аз емес. Белгіленбеген жерлерден темір жол арқылы өтетін азаматтардан бөлек жарты жылда Маңғыстау теміржолшылары 13 рет үй жануарларын пойыздардың соғуынан құтқарды. Машинистер үй жануарлары жолға шығып кеткендіктен, пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды. Төрт жағдайда жануарлар пойыздың қағып кетуі салдарынан өлді, - дейді Серікқали Кужиев.

 

Өлген сиырлар мен жылқылардың иелері анықталған. Иелеріне жануарларға қатысты салғырттық танытқаны үшін айыппұл да салынған.

 

 

ҮШ ҚЫЛМЫСКЕР ШҰҒЫЛ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

2700 тұрғыны бар Сай-Өтестегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қырағылықпен сақтап, тұрғындар тыныштығын үлкен жауапкершілікпен күзетіп жүрген жандардың бірі - Асхат Умарбаев. Кейіпкеріміз Сай-Өтес станциясы желілік полиция бөлімшесінде жеті жылдан бері табысты қызмет етіп келеді.

 

Ұстаздар отбасында тәрбиеленген Асхат Умарбаев мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы ішкі істер Министрлігінің академиясына құжат тапсырады. Оқуын үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын Ақтау қалалық ішкі істер басқармасында патрульдік полиция қызметкері болып бастайды. Қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген ол араға сегіз жыл салып, желілік полиция бөлімшесіне, кейін мекеменің Сай-Өтесте станциясына қызметін ауыстырады. 2015 жылдан бастап желілік полиция бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалады.

 

- Біздің міндетіміз-қоғамдық орынның тәртібін қадағалау, қылмыстың алдын алу, қылмыс орын алған жағдайда дер кезінде ашып, тұрғындардың тыныштығын күзету. Жалпы күніне Сай-Өтес станциясынан 10 жолаушылар пойызы, одан бөлек жүк пойызы өтеді.

Менің қарамағымда үш қызметкерім бар. Орын алған қылмысқа келетін болсақ, өткен жылы айуандықпен сегіз жасар қызды зорлап, өлтірген қылмыскерді ізін суытпай ұстадым. Одан бөлек бізде көбіне қалта телефонын, сөмке ұрлау деректері көп тіркеледі.

Биылғы жылы үш қылмыс тіркеліп, үшеуі де ізін суытпай аштық. Біреуі-жүк пойызынан құрылысқа қажетті ағаш ұрлаған болса, енді біреуі-жолаушының қол сөмкесін ұрлаған, тағы бірі - жаңа пойыздардың есігін сындырып, зат ұрлағысы келген азамат болатын. Үшеуінде де жолаушылардың айтуы бойынша фотороборт құрастырылып, ізін суытпай ұстадық. Бүгінгі таңда іс сотқа жіберілді. Өкініштісі, ұрлық жасап жүргендердің үшеуі де өзіміздің қазақ жігіттері. Оның екеуі бұрын істі болған азаматтар болып шықты,-дейді Асхат Умарбаев.

 

Ізін суытпай қылмысты ашып, тұрғындардың алғысына бөленген азаматтың еңбегі, қызметіндегі кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, Ішкі істер Министрлігінен «Ішкі істер органының үздігі» деген екінші дәрежелі төсбелгісі табысталған. Сондай-ақ, ІІМ-нің «Құрмет граммотасымен», ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің Алғыс хатымен марапатталған. Бос уақытында спортпен айналысып, футбол ойнап, «қазақ вальсінің королі» Шәмішінің әндерін орындағанды ұнататын Асхат бүгінде үлкен әулеттің отағасы атанып отыр.

- Мен мамандығымды мақтан тұтамын. Көп жағдайда отбасыма көңіл бөлуге уақыт болмай жататын кездер болады, бірақ менің қызметімді жұбайым, балаларым жақсы түсінеді. Әрдайым қолдау көрсетеді. Бүгінде үлкен әулеттің отағасымын, 4 баланың әкесімін. Үлкен ұлым Нұрхат та менің жолымды қуып, ішкі істер саласында жұмыс жасағысы келеді. Мен ұлымның таңдауына қолдау білдіремін. Қызметімнің ұрпақтар сабақтастығын жалғағанын қалаймын, - деді бізбен қошатасарда Асхат Умарбаев.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему