Құрылыс саласының майталманы
Курс валют в Актау
на 27/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
27 Апреля, 05:01
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Құрылыс саласының майталманы

12 Августа 2016 (13:09) | 4628 | Автор: Нурганым Имашева

 

Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Ақтау қаласының құрылысына белсене араласып, осы салада 40 жыл бойы жемісті еңбек еткен ардагер-құрылысшы Сержан Салтанатовтың елінің өркендеуіне арналған еңбек жолы жайлы бір үзік сыр.

 

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ

Мамандықтың қай-қайсы да қадірлі, қажетті, әрқайсының өзіне тән ерекшелігімен қатар, қоғам өміріне тигізер пайдасы және алар орны бар екені сөзсіз. Кез-келген мамандық иесі адал еңбек етуінің нәтижесінде өзі өмір сүріп жатқан ортасына, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етіп, елінің гүлденіп, өркендеуі жолында қосқан азды-көпті үлесі үшін лайықты сый-құрметке бөленетіні анық.

 

Көптеген кәсіптің арасынан бүгін біздің әңгімемізге арқау еткелі отырған ерекше құрметке ие кәсіп иесі – бұл құрылысшы мамандығы. Қыстың қақаған сары аязы мен шіліңгір шілденің аптап ыстығын да, сары ала күздің сылбыр жауыны мен даланың жазғытұрым соғатын дауылды желін де елеместен бар ынта-шынтасымен жұмысын сапалы жасауға ұмтылатын, бойындағы бар күш-жігерін, құрыш білектің қуатын зәулім ғимараттардың бой көтеруіне арнайтын құрылыс саласының қайсар жұмысшыларының ерен еңбегінің арқасында қаншама адам жайлы тұрғын үйлерде алаңсыз ғұмыр кешуде.

 

Осыдан елу жылдан аса уақыт бұрын Каспийдің жағасында пайда болған ақмаржан қала – Ақтаудың ажарлы келбетін өрнектеп, облыс орталығының өзіне тән сәнінің айшықталуына мол үлес қосқан құрылысшылардың бірі - Сержан Салтанатов болды. Өрімдей жас шағынан бастап, үлкен қажыр-қайрат пен табандылықты, жоғары жауапкершілікті талап ететін осынау күрделі кәсіпті таңдаған Сержан Әнуарұлы табаны күректей 40 жыл бойы тапжылмастан осы салада жемісті еңбек етіп, аянбай тер төкті.

 

Қызығынан гөрі қиындығы басым құрылысшы мамандығының қыр – сырын меңгере отырып, кәсібіне төселіп, біраз жылдардан соң өзі де бригаданың құрамындағы құрылысшыларға жетекшілік еткен бригадир дәрежесіне дейін көтерілді.

 

 

ТЕКТІ АТАНЫҢ ҰРПАҒЫ

Адай руының Қосай тармағының ұрпағы болып келетін Сержан ағаның арғы атасы Әлжан Баймырзаұлы есімді хазрет Форт-Александровскідегі (қазіргі Форт-Шевченко) 1909-1911 жылдары іргесі қаланған Ақмешітті салғызған, кезінде Мекке-Мәдинада діни білім алған сауатты адам болыпты. Әлжан хазреттің туған інісі Оспаннан туған Зұлқаш Баймырзаев (1896-1986 жж.) есімді азамат қазақтан шыққан тұңғыш ихтиолог-ғалым атанған. Қырымдағы Керчьте балық өнеркәсібінің министрі болған.

 

Сержан ақсақалдың өз атасы Салтанат қария кезінде Форт-Шевченкодағы Ақмешітте діни сауаттылығы мықты ишан болған. Кейін Кеңес үкіметінің солақай саясаты үстемдік құрған кезде 1938 жылы «Халық жауы» деген жалған жала жабылуының кесірінен жазықсыз атылған.

 

Халықты діннен бездіру саясаты орын алған шақта ел билеушілері сол Ақмешітті бұздырған, облыстық мұрағаттың құжаттарында «1958 жылы аталған мешіттің орнына «Маңғыстау таңы» деп аталған кинотеатр салынған» деген деректер сақталыпты. Өзге деректерге сүйенсек, 1991 жылдың қаңтарында Форт-Шевченко мұражайы қызметкерлерінің өтінішімен қираған мешіттің эскизін Әлжан хазреттің немересі, 77 жастағы Таушық кентінің тұрғыны Әлжанов Хансұлтан Салтанатұлы салып беріпті.

 

 

СОҒЫС ШАРПЫҒАН БАЛАЛЫҚ

Кейіпкеріміздің өмір жолына үңілу арқылы мынадай мәліметтерге қанықтық: Сержан Салтанатов 1942 жылдың 1 қаңтарында сол кездегі Гурьев облысы Түпқараған ауданының Таушық елді мекенінде Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс кезеңде өмір есігін ашқан. Сержанның әкесі Әнуар Салтанатұлы ауыл балаларын оқытатын ұстаз болғандықтан броньмен майданға жіберілуден босатылыпты.

 

Ағартушылық қызмет атқарып, жас ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие берумен қатар, білім нәрінен сусындауына бар күш-жігерін жұмсап жүрген жас жігіт Әнуар қақаған қыстың бір аязды күнінде Таушықта шәкірттеріне оқулық жетіспеуіне байланысты Қызылөзен ауылына жаяу барып қайтқанында суық тиіп, қатты сырқаттанып, сол дерттен көз жұмған. Сонда небары 27 жаста болған жас жігіт көкірегіндегі қанша арманына қол жеткізе алмастан, жанұясын, жасы жаңа ғана 3 – ке толған ұлы Сержанды тастап, бақилық болған. Әкесінен жетім қалған шиеттей балаларын жетілдіріп, оқытып, тәрбиелеудің бар ауыртпалығы Сержанның анасы Сәрсенбаева Ораздың иығына түскен.

 

Ел басына қатер төнген сұрапыл соғыс заманының небір қиын шақтарын бастан өткізген сол кездің балаларының ерте есеюіне тура келді. Анасымен бірге Баутин кентіне қоныс аударған Сержан соғыс аяқталып, қираған ел экономикасын қалпына келтіру кезінде жаппай еңбекке ерте араласқан қатарластарының - бұғанасы қатпаған өрімдей жастардың қатарында Баутин балық комбинатына ересектермен қатар жұмысқа орналасыпты.

 

Кейін 1957 жылы анасымен бірге сол кезде Аққолтық аталған (қазіргі - Ақтау) елді мекенге көшіп келген. Сол кезде аталған мекеннің тұрғындары аласа жеркепелерде тұрып жатыр екен, өңірге іздестіру -зерттеу экспедициялық партиялары атбасын тіреп, түбектен «қара алтынды» іздестіру ісі жүзеге асырыла бастайды.

 

ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫНА АТСАЛЫСУ

Алғашында жел ұшырған қаңбақтан өзге ешнәрсе көзге ілінбейтін құлазыған құла түзде палаткалы қалашық пайда болып, 1960 – шы жылдардың бас кезінде жұмысшы поселкесінің құрылысы басталады. Бұл қазіргі көрікті қаламыз Ақтаудың алғашқы қазығы қағылған жылдар болатын.

 

Сол кезде қылшылдаған 22 жасар жас жігіт Сержан шөл далада еңбектің көрігін қыздырғандардың алғашқы легінің қатарында 1964 жылы ПГМК (Каспий маңы тау-кен комбинаты) аталған үлкен мекемеге геодезист мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Сол кезде оны мамандар бөлімінде инспектор болған ҰОС ардагері (қазіргі Ақтау қаласының көп тұрғыны білетін майдангер қария) Анна Морозова жұмысқа қабылдапты.

 

Сол уақыттағы саясатқа сай, аталған мекемеге жұмысқа жергілікті ұлттың өкілдері өте сирек алынатын. «Қазақтарды көбіне-көп мал шаруашылығына қатысты жұмыстарға жіберу белең алған кез болатын» ,- деп есіне алды сол күндерге ойша оралған Сержан аға.

 

Адал еңбек етуге талпынған жас жігіт қайраттылық, жігерлілілік танытып, құрылыс саласындағы бірнеше мамандықты тез игеріп алады. 1966-1971 жылдар аралығында тас қалаушының, сылақшы-әрлеушінің кәсібін меңгерген біздің кейіпкеріміз еселі еңбегімен көзге түсе бастайды. 1971-1993 жж. ПГМК мекемесіне қарасты атом өндіру, химия өнеркәсібін дамыту бағытындағы өңірдегі жаңа өндіріс орындары – бірнеше зауыттардың құрылыстары жүргізілген шақта Сержан Салтанатов еселі еңбек етіп, құрылысшылардың алдыңғы қатарынан көрінді. Сол кезеңде Ақтау қаласының қарқынды құрылысына да белсене атсалысқан Сержан ағаның қолтаңбасы қаладағы кез-келген ғимаратта сайрап тұр десек артық айтпағанымыз болар.

 

Аянбай тер төгіп, адал еңбектерін елінің көркеюіне арнаған сол кездің құрылысшылары өз қолдарымен салып жатқан қаланың келешекте көркімен көз тартардай әсем шаһарға айналарын білген жоқ еді. Олар сол кезде сапалы құрылыс жүргізіп, күні-түні еңбектенумен жоспарды орындауды ғана ойлады. 1980 – ші жылдардың бас кезінде Ақтауда бой көтерген ірі нысан – Мәңгілік алау ескерткішін салуға қатысқан біздің кейіпкеріміз, бұдан өзге де қаладағы бірнеше сауда орындарының және беріректе бой көтерген облыстық Бекет Ата орталық мешітінің құрылысына да белсене қатысты. Еселі еңбегін шөл далаға әсем қала салу мен іргелі өндіріс орындарының бой көтеруіне арнады.

 

 

ЕРЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНУДЕ

Құрылыс саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған Сержан ағаның ерен еңбегі еленіп, бірнеше Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталып, «Каскор СМУ» АҚ – ның еңбек ардагері» (1993 ж.), «Атом саласына – 50 жыл» (1995 ж.), «Ақтау қаласына – 50 жыл» (2013 ж.) медальдарының иесі атанды.

 

Сержан Әнуарұлының құрылыс саласына ұзақ жылдар бойына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, былтырғы 2015 жылдың 27 шілдесінде ол «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» деген жоғары мәртебелі атаққа ие болды.

 

Бүгінде өзі 40 жыл еңбек еткен мекемесі «Каскор СМУ» АҚ-ы және Ақтау қаласы Ардагерлер кеңесінің ұсынуымен Сержан Әнуарұлы «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» деген мәртебелі атаққа үміткер.

 

Қазір 74 жастағы ардагер-құрылысшы 2002 жылы 60 жасында зейнеткерлікке шыққан. Сержан ақсақал 41 жыл отасқан жары, «Алтын алқа» иесі Тарғынбаева Бақтыгүл әжей екеуі 10 перзентіне өнегелі тәрбие берді. Ұлын – ұяға, қыздарын - қияға қондырды. Қазір сол ұл-қыздарынан 20 – дан аса немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішіп отырған бақытты ата-әже. Шаттығы жарасқан үлгілі отбасында тәрбиеленген ұрпақтарының әрқайсы өмірде өз орындарын тапқан жандар, бүгінде олар әртүрлі салада қызмет етуде.

 

Балаларының ең кішісі - Кенжебек есімді ұлдары журналист мамандығын таңдап, бүгінде Астана қааласындағы Еуразия университетінің ІІ курс студенті. Қоғам өміріне белсене араласатын жастардың қатарында.

 

Адал еңбекпен өрілген Сержан Әнуарұлының өнегелі ғұмыры бүгінгі жас ұрпаққа - үлгі, перзенттері үшін --үлкен мақтаныш болып отыр.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему