Өмірі өнегелі өр тұлға
Курс валют в Актау
на 18/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
18 Апреля, 18:02
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Өмірі өнегелі өр тұлға

25 Июля 2016 (17:47) | 6020 | Автор: Нурганым Имашева

 

Қойнауына есепсіз байлық тұнған даланың төл перзенті, тұла бойы сырт көзге шалынбайтын, қазса – сарқылмайтын мол қазынаға толы биік парасат иесі, өмір соқпақтары өзінен кейінгі ұрпаққа мол өнеге боларлықтай тағылымды ғұмыр иесі Бітім Кезбаев ақсақал бүгінде мерейлі 70 жасқа толды.

 

ЕРТЕ ЕСЕЮ

Маңғыстаудың қарашаңырағы - Түпқараған ауданында 1946 жылдың 22 шілдесінде өмір есігін ашқан біздің кейіпкеріміз, бала шағынан өзіне тапсырылған шаруаны тиянақты етіп орындайтын, қандай істі қолына алса да оған үлкен жауапкершілікпен қарайтынсалмақты кейіпте, елгезек, қағылез мінез танытқан, білімге құштар, еңбекқор жігіт боп ержетті.

 

ҰОС мүгедегі, ардагері, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, елге сыйлы болған әкесі Тәжіғұл мен ауыл-аймаққа жағымды келін атанған анасы Алманың өнегелі тәрбиесін алған бозбала Бітім оқуда - озат, еңбексүйгіш, тәртіпті болып өсті.

 

Балалық шағы соғыстан кейінгі елдің қираған экономикасын көтерудің күрделі кезеңіне тап келген ол кездің жастарын өмір уақытынан бұрын есейткені белгілі.

 

Отбасындағы балалардың ең үлкені болған Бітім аға да сол тұстағы жүдеу тұрмыстың ауыр жүгін ерте бастан ата-анасымен бірге көтерісуге көндігіп, еңбекпен шынығып, ширады. Сол кездері Маңқыстауда мұнай кенорындарының ашыла бастауына байланысты мектептің жоғары сыныптарында түлектерді жұмысшы мамандықтарына оқыту үрдісі енгізілген болатын. Форт-Шевченкодағы С.М.Киров атындағы мектептің қабырғасында жүрген шағында «бұрғышының көмекшісі» деген мамандықты игеріп, куәлігін қолына алып шыққан балаң жігіт жасы 17-ге толмай жатып, еңбекке ерте араласты. Кетіктегі мектеп-интернатты тамамдаған соң еңбек жолын 1963 жылы 18 шілдеде Ералы кентіндегі «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде бұрғышының көмекшісі қызметін атқарудан бастады. Сол кезде оның тұңғыш тәлімгері майталман геолог Әділ Нұрманов болды.

 

Еңбекқорлығы мен табандылығы, тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен атқаруға деген ынтасымен танылған жас маман 1965 жылдың 29 шілдесіне дейін қызметін 4-дәрежелі көмекші бұрғышы, 5-дәрежелі бұрғышы болып жалғастырды. Өндірісте біраз тәжірибе жинақтап, ысылған соң, жоғары білімді инженер болуды армандаған жас жігіт Алматы қаласына барып, В.И.Ленин атындағы политехникалық институтының студенті атанады. 24.08.1965-26.08.1970 ж. аралығында осы ЖОО-н тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бір жыл оңтүстік астанадағы ғылыми ортада қызмет істеп, 1970-1971 жылдар аралығында КазНИИМС лабораториясында аға инженер болып еңбек етеді. Осыдан соң туған елге қайтып оралып, Маңғыстаудың мұнай-газ өндірісін дамытуға білек сыбанып кіріскен Бітім ағамыз «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедиция тресінде:

-14.07.1971 ж. бастап мұнай және газ скважиналарының 5-дәрежелі бұрғышысы; 01.11.1971 ж. бастап мұнай және газ скважиналарының 6-дәрежелі бұрғышысы; 26.06.1972 ж. бастап учаске бастығы; 19.09.1972 ж. бастап бұрғылау жөніндегі аға инженер; 17.07.1973 ж. бастап бұрғылау бастығы; 08.08.1973 жылдан бастап ПМК-67 мекемесінде өндірістік-техникалық бөлім бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін 19.02.1975 жылдан бастап «Маңғышлақмұнайгазбарлау» экспедициясына техникалық бөлім инженері болып ауыстырылды.

 

 

ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛУ

Кейін Маңғыстау мұнайының алыптарына айналған Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы және Жалғыз төбедегі ірі кенорындарын ашуға атсалысқан білікті маман Бітім Тәжіғұлұлы «қара алтынды» өндіру ісіне қомақты үлесін қоса жүріп, маман ретінде шеберлігін шыңдай түсті. Өзі қызмет еткен саланың білікті маманына айналған оны сол кезде Мәскеудегі бүкілодақтық басшылық шетелге жіберген кезде 1977-1980 жылдар аралығында Ауғанстан Демократиялық Республикасында «Зарубежгеология» бірлестігінің қатарында аға инженер болып қызмет етті.

 

Өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, елге қайтып оралған соң, ол 1980-1988 ж.ж. технологиялық бөлім инженері, экспедицияның геологиялық партиясының техникалық бастығы, өндірістік-диспетчерлік бөлімнің аға инженері, өндірістік-техникалық бөлімнің бұрғылау бойынша 2-категориялы инженері қызметтерін атқарды.

 

Сонау еңбек жолын алғаш бастаған 1963 жылдан 1988 жылға дейін мұнай өндіру саласының майталманына айналған Бітім Кезбаев Маңғыстаудың байлығын еселеген Қаламқас, Қаражанбас, Жетібай, Комсомольская, Қолтық, Елемес, Сазтөбе, Нысановская кен орындарын ашуға белсене атсалысты. Осындай ірі кеніштерде еңбек ете жүріп, мұнай өндірісінде мол тәжірибе жинақтаған Бітім Тәжіғұлұлы 1990 жылы елде алғашқылардың бірі болып, жеке кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысты. Алдымен “Табиғат” шағын кәсіпорнын құрып, 1992 жылы «КЕЗБИ» ЖШС-ін ұйымдастырды, кәсіпорынның құрылтайшысы және бас директоры атанды.

 

Кәсіпорын Маңғыстау және Атырау облыстары аумағында “Қарақұдықмұнай”, “Қазақтүрікмұнай”, “Теңге”, “Маңғыстаумұнайгаз”, Кең-Сары”, “Ақтау-Транзит”, “МұнайФилдСервис”, “КаспианОйлГаз,“Тасболат Ойл Корпорейшн”, “ҚазМұнайГазБӨ”, “Өзенмұнайгаз”, “Емір-Ойл”, “Хазар Мұнай, “Шынжыр” компанияларының тапсырыстарымен ұңғыларды күрделі жөндеу мен қалпына келтіру, сондай-ақ бұрғылау жұмыстарын атқарып келеді. Еліміздегі ірі компаниялардың сенімінің үдесінен көрініп, өз қызметін адал атқарып жүрген «Кезби» ЖШС – серіктестерінің жоғары бағасына ие болуда.

 

 

Елге сіңірген еңбектері мен атқарған қызметтері үшін Бітім ағаға берілген марапаттар бірнеше түйеге жүк болардай. Олардың қатарында: Мемлекеттік “Ерен еңбегі үшін”, “Астанаға 10 жыл” медальдары, ҚР Президентінің алғыс хаты және көптеген әртүрлі деңгейдегі салалық медальдар, ҚР энергетика және минералдық ресурстар Министрлігінің Мақтау Қағазы, ҚР индустрия жэне сауда Министрлігінің Алғыс хаты, “Ауған соғысы ардагері” естелік төсбелгісі, Маңғыстау облысы және Ақтау, Жаңаөзен қалаларының әкімдерінің Мақтау қағаздары, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ-ның, “ҚазМұнайГаз БӨ” АҚ-ның Мақтау қағаздары бар.

 

«ҚР жер қойнауының Құрметті барлаушысы» атағын иеленген Бітім Кезбаев 2008 жылы «Маңғыстау облысының Үздік кәсіпкері» атағын алды. Елге сіңірген еңбегі бағаланып, Маңғыстау облысының “Жыл адамы” номинациясының жеңімпазы атанды. Бұған қоса 1,2,3-ші дәрежелі “Атамекен” ордендерімен, “Қазақстан мұнайына 100 - жыл”, “Маңғыстау мұнайына – 50 жыл”, “Өзен мұнайына - 40 жыл”, “Өзен мұнайына - 50 жыл” төсбелгілерімен марапатталған.

 

Бітім Кезбаев – ел арасында қайырымдылығымен, мәрт мінезімен, жомарттығымен аты шыққан кәсіпкер. Ата – баба рухына арналған ас-садақаларда үнемі үлесін қосып, көмегін аямай келеді. Жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге, мұқтаж жандарға да көп көмегі тиген азаматтың қайырымдылық істері елеусіз қалмады. Бүкіләлемдік “Миротворец” қайырымдылық альянсының “Алтын жұлдызын” иеленді. «Кіршіксіз іскерлік абыройы үшін» Graduate Institute of Business and Management «INSAM» медальдарымен марапатталды. Мұнан басқа Халықаралық “Алтын Феникс-2009” жыл сыйлығының иегері, 2011 жылы Францияда Жоғары сапалы қызмет көрсету номинациясы бойынша өткен 13-халықаралық конкурсында Жан Антуан Шапталь атындағы “Алтын Медальмен” марапатталып, “Алтын Ягуар” халықаралық лауреаты атағын иеленді. Қазірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау аймақтық кеңесінің мүшесі болып табылады.

 

 Бүгінде Бітім Кезбаев – үлкен әулеттің тірегі, өнегелі әке. Жары Тойған Наукеновамен бірге 4 ұлды өсіріп, олардан немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Халықтың алғысына бөленген Азаматтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында ұйымдастырылып, оған қатысқан ел ағалары, облыстық әкімшіліктің, Түпқараған ауданының өкілдері және Ақтау қаласының әкімі Серікбай Өтелгенұлы Трұмов сынды азаматтар ақжарма тілектерін арнаумен қатар, ардақты азаматқа зор қошемет-құрмет көрсетті. Ата салтымен ел ағасының иығына шапан жабылды. Атпал азаматтың ел игілігін арттыру жолындағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен азаматтық тау тұлғасы туралы біршама жылы лебіздер айтылды.

 

Елінің сый-құрметіне бөленген абзал азаматқа біз де амандық тілеп, туған халқымен бірге жарқын күндерде кемел келешекке қарыштап адымдай түсуіне тілек қосамыз.

 

 

ЗАМАНДАСТЫҢ БАҒАСЫ

Институтта бес жыл бірге оқыған, елге танымал қоғам қайраткері Қайролла Ережепов Бітім Тәжіғұлұлының азаматтық тұлғасы туралы пікірін сұрағанымызда:

- Бітім Кезбаев – жан-жақты азамат. Былай сыртынан қарағанда өзі бір асықпай, жайлап жүреді, ал бірақ сол жүргенде оның әрбір қадамы есептеулі, жұмысқа, өзінің алдына қойған мақсатын орындауға бағытталған. Сосын әлгі «ісім үйлеспеді-ау, бұл тез шешілмеді-аудеп деп бұл азаматтың күйіп-пісіп жатқанын ешқашан да көрмейсің. Қашан да сабырлылық қалпын сақтаумен өзінің жұмысын жасайды.

 

Әйтпесе, мына мұнай өнеркәсібі деген ауыр, зиянды өнеркәсіпке жатады. Ауыр өнеркәсіптен өзі жеке шаруашылық ашып, қазір өзі құрған «КЕЗБИ» жауапкешілігі шектеулі серіктестігін мінеки 24 жылдан бері басқарып келеді. Ол кәсіпорынның жасайтын қызметі де әртарапты: мұнай-газ ұңғыларының, жұмыс жасап тұрып, кейін істен шықан ұңғыларды күрделі және жерасты жөндеумен және түрлі авариялық жағдайға тап келген ұңғыларды қалыпқа келтіру сияқты ауыр жұмыстарды орындайды.

 

Қазіргі заман талабына сай кез-келен жұмыс көлемі алынған тендерге байланысты жүргізілетіні белгілі, осы орайда қазір ол сол тендер бойынша орындайтын жұмыс көлемінде 600-800, кейде тіпті 1000 – ға дейін адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Бұл - оңай шаруа емес. Біз бес жыл бойы бір группада оқып, инженер мамандығын алып шыққанмен, мен өзім инженердің жұмысын жасағаным жоқ, басқа салаға ауысып кеттім, ал Бітім болса, күні бүгінге дейін жұмыстың технологиясына байланысты айтып отырғандарын тыңдағанда хошың келеді, себебі – ол бәрін жақсы білетін, жоғары деңгейдегі кәсіпқой инженер.

 

Екіншіден – оның ұйымдастырушылық қабілеті мықты, мысалы, қазір Жаңаөзен қаласында сол өзі жасайтын жұмысына байланысты жаңа заманға лайық өндіріс базасы құрылған. Өндірістік техникасы бар, сосын мына жаңа заманға лайық көптеген техникалар мен адамдар уақытылы сынақтардан өткізіліп, Халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілген. Сонымен қатар Бітім Тәжіғұлұлының басқаруындағы кәсіпорын -өзінің мақсатын орындауға бар күш-жігерін жұмылдыра алатын ұжым. Оның ішінде инженерлік-техникалық қызметкерлерден жоғары дәрежелі мамандары бар. Ал осының бәрін ұйымдастыру, жасау – оңай шаруа емес.

 

Ал енді жаңа салтанатты кештің соңында сахнаға 16-17 адам Кезбаевтар шықты. Бұлар – тек осы жерге келіп отырғандары ғана. Ішіндегі ең үлкені - Тәжімағанбет деген Бітімнің әкесінің інісі - осы әулеттің ішіндегі ең үлкені, ал Бітім болса – осы ауылдың барлығының – тек Кезбаевтар әулетіне ғана емес, бүкіл Матай руына, қала берді Мұңал руының ұрпақтарындағы бір үлкен танымалы, салиқалы көшбасшысы деуге болады.

 

Бітім Кезбаев – қандай мақтауға да, қандай бағаға да лайық азамат, - деген пікірін білдірді.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему