Маңғыстаулық көрермен Астрахань әртістерінің өнерін тамашалады
Курс валют в Актау
на 26/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
26 Апреля, 00:35
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Маңғыстаулық көрермен Астрахань әртістерінің өнерін тамашалады

18 Апреля 2016 (09:31) | 1982 | Автор: Нурганым Имашева

 

Маңғыстау еліне 14 - 15 сәуір аралығында арнайы сапармен Астрахань облысының мемлекеттік автономиялық мәдениет мекемесінің жанынан Володар ауданының Алтынжар елді мекенінде 2005 жылы құрылған «Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» өнер ұжымдары келгені жайлы мәліметті бұдан бұрын жариялағанбыз.

 

Құрамында 30 адам келген делегация мүшелері – ресейлік меймандар: қазақ халқының өнерін насихаттаушы «Самал» ансамблінің, «Белый город» орыс халық аспаптар ансамблінің және «Алтын» халықтық би ансамблінің өнерпаздары және жекелеген әншілер мен домбырашылар Ақтау қаласының тұрғындарына арнап жұманың кешінде М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында концерт берді .

 

Кеш басында маңғыстаулық көрермендердің назарына «Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» тыныс-тірлігі, қызметі туралы бейнеролик ұсынылды.

 

 

Өнер кешіне арнайы келген аймақ басшысының орынбасары Ильмухамбетова Шолпан Лазарқызына сөз берілгенде:
- Екі елдің ғасырлар тереңінен тамыр тартқан достығы мен ынтымағы тағдырдың талай сындарына төтеп беріп, бүгінде жарқырай түсіп, нығайып отыр. Көрші қонған қос ел Қазақстан мен Ресей татулық пен бейбітшіліктің мекеніне айналып, өзара тығыз байланыстың арқасында болашаққа сенімді қадам жасауда.

 

«Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығының» өкілдеріне біздің киелі өлке Маңғыстауға қош келдіңіздер! – дейміз. Екі елдің арасындағы мәдени, экономикалық және саяси байланыстар өркендей берсін,- деген тілегін білдірді.

 

 

Аймаққа тұңғыш рет ат басын тіреген ресейлік мәдениет өкілдері маңғыстаулықтарға өздерінің арнайы дайындап әкелген концерттік бағдарламасын ұсынды. Ә дегеннен-ақ «Самал» ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылған концерт көрерменді тез баурап алды. Түрлі жанрдағы шығармаларды қамтыған бағдарламаны тамашалаған өнер сүйер қауым залға лық толды. Ресейлік өнерпаздардың орындау шеберліктеріне тәнті болған халық кеш бойына ризашылықпен дүркіретіп қол соғудан жалықпады.

 

Құрманғазының «Адай» күйі орындалған кезде залдағы барша көрермен ерекше рухтанып, жігерленіп, бір желпініп қалды.

 

Қос тілде орындалған әуезді әсем әндер мен мың бұралған ұлттық билер кештің ажарын ашып, сәнін келтірді. Руслан Грачев жетекшілік ететін «Белый город» орыс халық аспаптары ансамблі орындаған шығармалар және мәдени Орталық директоры Амангелді Әбілғазиев, Орал қаласында өткен «Атамекен» халықаралық фестиваль-байқауының дипломанты Амина Айдаралиева мен жас әнші Өмірзақ Зинелғабиденовтардың тамылжыта салған әндері көрерменнің көңілінен шықты.

 

 

Кеш соңында ресейлік қонақтар өздеріне көрсетілген қонақжайлылық пен қошеметтерге ризашылықтарын білдіріп, мәдени Орталықтың директоры Амангелді Әбілғазиев Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмухамбетоваға, өңірлік мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаевқа және облыстық филармония директоры Нұрболат Құдысовқа естелік сыйлық – Құрманғазы бабаның кесенесі бейнеленгенкартиналарды тарту етті.

 

Концерт аяқталысымен көрермендерді сөзге тарттық. Маңғыстау өнер колледжінің 4 курс студенті Әлия Қарамұқанова:
- Концерт керемет, тамаша, өте жақсы, жоғары деңгейде өтті деген ойдамын. Әсіресе маған квартеттің өнері қатты ұнады, ерекше әсер етті, өнерпаздар шығармаларды кәсіби деңгейде шебер орындады. Өнерлеріне тәнті болдым. «Самал» ансамблі Маңғыстау жеріне Құрманғазы бабамыздың күйлерін алып келіпті. Оларды да шебер орындап, халықтың көңілін бір көтеріп тастады.

 

Алдағы уақытта да екі елдің арасындағы осындай мәдени байланыстың дами түскенін қалаймын. Казақстан мен Ресейдің арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түсуіне тілектеспін.

 

Өзім осыдан екі жыл бұрын Астрахань өңіріне, Құрманғазы кесенесіне барған едім. Бізді ол жақта құшақ жайып, қонақжайлылықпен қуана қарсы алды. Риза болып қайттық. Келешекте де екі ел бір-бірімен тығыз байланыста болып, ынтымағымыздың жараса беруін тілеймін. Осындай жақсы өнер кештері өз жалғасын таба берсін, - деген ізгі тілегін білдірді.

 

 

Ақтау қаласының тұрғыны Өтежан Әлібеков есімді азамат:
- Концерт өте тамаша өтті. Жерлестеріміздің өнеріне риза болып тұрмын. Алғысымды білдіремін. Көңілімізді көтеріп, бір марқайтып тастады. Өзім Астрахань облысынан боламын, 1996 жылдан бері Ақтау қаласында тұрамын.

 

Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас нығая берсін. Мәдени, саяси, экономикалық байланыстар дами түсіп, Ресей мен Қазақ елінің арасындағы достықтың алтын көпірі мықты болсын, - деген ақжарма тілегін арнады.

 

Кешке келген көрермен қауым ресейлік өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалау арқылы төл өнеріміздің нәрімен сусындап, ұлттық рухы көтеріліп, бір жасап қалды.

 

Ресей елінде туып-өсіп, атамекеннен жырақта ғұмыр кешіп жатса да жүректері әркез «Мен – Қазақпын!» деп соғатын қандастарымыздың ана тілімізді, төл өнеріміз бен мәдениетімізді, бай мұрамыз – салт-дәстүрімізді сақтауға деген талпынысына, ұлттық құндылықтарымызға деген сүйіспеншілігіне риза болған Маңғыстау тұрғындары Астрахань өлкесінен келген өнерпаз ағайынмен қимай қоштасып, тарасты.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему