Маңғыстаулық тәжірибелі фототілші Серік Майемеров қасиетті Ұлытау өңіріндегі фотоэкспедицияға қатысты
Курс валют в Актау
на 16/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Вторник,
16 Апреля, 13:17
Вход |Регистрация
Главное » Новости рыночной экономики

Маңғыстаулық тәжірибелі фототілші Серік Майемеров қасиетті Ұлытау өңіріндегі фотоэкспедицияға қатысты

22 Июля 2014 (04:11) | 2337 | Автор: Редакция

 

Баспасөздегі фототілшілердің бастамасымен 2010 жылдың тамыз айында құрылған, Қазақстанда фотография, фотожурналистика саласын дамытуды мақсат тұтатын «ФОТОӨНЕР» Республикалық қоғамдық бірлестігі жуырда қазақ халқы үшін қасиетті мекен саналатын Ұлытау жерінде кәсіби фотографтардың басын қосып, «ULYTAU-2014»атты фотоэкспедицияны ұйымдастырды. Аталмыш шараға Маңғыстау өңіріндегі танымал фотографтардың бірі, Бірлестіктің Батыс Қазақстан аймағы бойынша төрағасы Серік Майемеров те қатысты.

 

Мұндай игi шара 2012 жылы Жетiсу өңiрiндегi Хантәңiрiнiң баурайында “Шәлкөде-елдiң жайлауы” деген атпен өткен болатын. Жалпы, бұл фотоэкспедицияның мақсаты-қазақ жерiнiң бiтiм-болмысын, қасиеттi жерлерiн, асқар тау, байтақ даласын, заманға қарай қанат жайып келе жатқан елдiмекендері мен қаласын, тiрлiк-тынысын көрсету, қазақстандық туризмді насихаттау.

 

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал фотожурналист Асылхан Әбдірайым жетекшілік ететін «ФОТОӨНЕР» Республикалық қоғамдық бірлестігі фотография, фотожурналистика саласын уақыт талабына сай дамыту мақсатында фотокөрмелер ұйымдастырып, фотоальбомдар жасап, жас мамандарды осы салаға баулу және олар үшін туған тілімізде оқу-әдістемелік құралдарын шығаруды қолға алып отыр.

 

 

Халқымыздың тарихи астанасы саналатын Ұлытау жерінің қадыр-қасиетін, ұлт үшін мән-маңызын айтып жеткізу тіптен де мүмкін емес сияқты. Ұлытау десек, ұлтымыздың өткенін, тарихын көз алдымызға келтіреміз. Қазақ деген халықтың қашан да, қай уақытта болса да бас қосып, бірлік пен бәтуаға келіп, кеңесіп келелі мәселелер шешетін тұғырлы да, тұрақты орыны осы-Ұлытау болған деседі.

 

Ұлытау жайлы сонау ерте, бағзы замандардағы көне тарихтарда да тайға таңба басқандай айқын да, нақты берілген. Тарихтың атасы аталатын Геродоттың жазбаларында «Тұран ойпатындағы тау» деп аталатын дала төсіндегі алып тау да осы Ұлытау болып саналады. Дүниені дүр сілкіндіріп, атының тұяғы бүкіл әлемді басып өткен Шыңғысханның сұрапыл жорықтарына да осы тау куә. Асан қайғының тамсанып, таңданып, ат сауырына бөктеріп алып кете алмай, қимаған жерұйығы Ұлытау болғанын бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Жошы хан ордасының керегесі де тау бөктеріндегі кең далада керіліпті. Алтын Орданың одан кейінгі билеушілері болған Тоқтамыс пен Едігенің де шабысып жүріп мәңгілікке табысқан мекені осы таудың төбесі.

 

Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің ордасы орнығып, туы желбіреп, Жарғысы бекіп, елді бірлікке бастаған мекен де осы Ұлытаудың етегі екенін тарих бізге дәлелдеп бергендей. Мемлекеттіктің барлық шарттарын ұстап, ордасын көтеріп, алыс-жақын елдерге қазақ атын жеткізген, білгізген жердің мәйегі де Ұлытау болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Бірақ тау түбіндегі ат шаптырым жазықта Хан ордасының орыны сонадайдан көзге көрініп, көне тарихтың бүгінге жалғасқанын жария еткендей.

 

Ұлттың ұясы саналатын Ұлытау өңірінде бас қосқан фототілшілер Әулиетау биігіне көтеріліп, Хан ордасын, Асанқайғы кешенін, Алаша хан мазарын, Алтын шоқыны, Едіге шыңын суретке түсіріпті.

 

«Бұл сапардан керемет әсер алдым. Халқымыздың қасиетті мекеніне айналған Ұлытаудың 75 жылдығына арналған осынау маңызды фотоэкспедицияның құрамында киелі өлкенің тарихи маңызы зор жерлерін және ерекше көркем табиғатын суретке түсіріп, еліміздің туризм саласын дамытуға өз үлесімізді қостық деп санаймын.

 

 

 

Қытай елінен келген әріптестеріміз белгілі фотографтар С.Нұрдыбай мен С.Мұқаш бізге шеберлік дәрістерін өткізді, бір-бірімізбен өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Келер жылы Бірлестік мүшелері сапарымызды Қорқыт ата мекені-Сыр өңірінің тағылымды тарихы мен сұлу табиғатына арнаймыз, одан әрі ел мақтанышы-кәрі Каспийді де объектив нысанына айналдыруды көздеп отырмыз»,-деді Серік Майемеров жақында Ұлытау өңірінде өткен сапары жайлы әңгімелегенде.

 

Балғын шағындағы 5-6 жасынан бастап, өзінен үлкен ағаларына еліктеп, фотоөнерге қызыққан Серік бұл салада 10 жылдан аса еңбек етіп келеді. Облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында 4 жылдай оператор болып қызмет атқарған ол, 2 жыл режиссер мамандығын да игерді. 2006 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетінде фототілші болып, өлкенің тыныс-тірлігіне қатысты қайталанбас тарихи оқиғаларды қалт жібермей, маңызды шараларды суретке түсіруде елеулі еңбек етуде.

 

- Фотосуретке түсіру-мен үшін кәсіп. Кез келген кәсіпті толық меңгеру үшін білім, тәжірибе, қызметтік жауапкершілік және мәдениет керек. Ал фотоөнер жай ғана суретке түсіру емес, ол дегеніңіз тақырыпты тани білу, аша білу, қайталанбас оқиғаны қағып түсіп, табиғат тылсымын, адам болмысын қас-қағым сәттік көрініс арқылы бейнелеу.

 

Сондықтан бұл кәсіп ерекше қырағылықты, керек сәтті қалт жібермей қағып түсетін қағылездікті талап етеді. Кейде сәтті шыққан суретті қарап отырып: «Мынаны мен түсірдім бе?» деп таң қалатын да кездер болады.

 

Суретке түсірудің де өз уақыты болады. Табиғаттың тылсым бейнесін суреттеу үшін кейде таңғы 3-4-те шығып, таң ата 5-6-ларда жұмысымызды бастаймыз. Қайталанбас сұлу көріністерді қас қағым сәтте қалт жібермей, фотоаппараттың «жарқ еткен» жанарымен сол қалпында боямасыз жазып алып, тіпті тілмен қанша бейнелеп айтсаң да жеткізе алмайтын қас-қағым сәттің нағыз көрінісін, сол арқылы одан алар рухани ләззат пен ақпараттық мәліметті қырағы қағылездікпен аса айқын жеткізуге тырысасың.

 

 

«ФОТОӨНЕР» Республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына аймақтың фотосурет өнеріне деген қызығушылық танытқан жастарын мүше етіп қосамыз.

 

Мұндағы біздің мақсатымыз-жас фототілшілерді кәсіби шеберлікке баулу арқылы, бойларына қыранкөз қырағылық пен қағылез қасиетті дарыту,-дейді өз кәсібіне шынайы берілген, тәжірибелі фототілші Серік Майемеров. 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему