ҚЫРЫМҚҰЛ ӘБДІ АХУН АТА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Рейтинг пользователей: / 1
ХудшийЛучший 
Автор: Administrator   
29.07.2010 08:55

Қазақ елі, соның ішінде Адай ата ұрпақтары өмірден озған зайырлы пірлері мен ел қорғаған ерлеріне, көреген көсемдері мен аузы дуалы би-шешендеріне, халықтың көзін ашқан оқымысты ғалымдары мен ахундарына, халқына шапағаты тиген игі жақсыларына сөзбен де, қолмен де ескерткіш орната білген...

Қырымқұл Ғапур немересі Қожаұлы Әбді - Маңғыстау топырағына ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бұхарадан білім алып, Ахун деген шатыр хатпен оралып, қазіргі Ұштаған ауылының күнбатыс бетіндегі 10-15 шақырым жердегі Мырзайыр-Басқұдық жерінде мешіт ашып, халқын Ислам ілімімен сусындатқан, аз өмірінде бұл бағытта көп тер төккен тұлға. Шоңай Шайқы, Көрпе Оразмағанбет, Сүйіндік Нұрнияз, Жаңай Шабар Ишан, Жары Ержан сияқты зиялыларымыздың алдыңғы ілегіндегі тұлға.
Әбді Ахун осы Мырзайыр-Басқұдық жерінде 1867 жылы дүниеге келген. Ахунның туған, өлген жылдары жөніндегі деректер берірекке дейін тиянақты болмай келген. Ахун немересі Әріп ақсақал, басқа да көнекөз қарияларымыздың айтуы бойынша туған, қайтыс болған жылдары туралы әр түрлі деректер айтылып келген. Әбді Ахун зираты басынан табылған арабша жазылған құлпытаста 1867-1917 жылдар деп көрсетілген.
Әбді Ахунның қайда, қанша жыл оқып, қандай білім алғаны, дәріс алған пірлері, діни сауаттылығы, Ислам дінін насихаттаудағы еңбектері туралы Қ.Уәзірдің, М.Нығметуллаев пен Т.Кезбаевтың еңбектерінде, Ә.Спанның шығармасында, Ұ.Қазжанұлының «Әнестен бергі тарихтан» атты дастанында, ақын-жырау Сәттіғұл Жанғабылұлының «Ғазіреттерге айтқаны» жыр-термесінде біршама жеткілікті баяндалған.
М.Нығметуллаев пен Т.Кезбаевтың 2007 жылы шыққан «Адай кіндікті әулиелер» атты еңбегінде Әбді Ахун жөнінде төмендегідей деректер келтіріледі: «Әбді ауқатты жанұядан шыққан, берекелі ортаның өкілі. Жергілікті жағдайға тән ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Арабша еркін   оқитындай дәрежеге жеткен кезде, әкесі баласын Бұхараға апарып, сол жердегі медресеге орналастырады. Оқу мерзімінің ұзақтығы төрт жылдан жеті жылға дейін көрінеді. Бітірген оқу жүйесіне қарап лауазымдық атақ беріледі. Мысалы, ахундар бес жыл, муфтилік дәрежеге көтерілу үшін алты жыл, ғазіреттік шатырхаттың иесі болу үшін жеті жылға дейін оқу керек екен. Әбдінің әкесінде жеті жылға дейін оқытатын қаражаты жетіңкіремейді де, бес жылдыққа түсіреді. Бас муфти бес жылдық оқу құнын ала отырып, бір шатырға қол қойдырады. Онда «Мурид оқу жүйесін толық меңгермесе, ахундық шатыр қағаз берілмейді» деп жазылыпты. Әкесі жататын үй іздеп, онда да бес жылға жамбас ақысын, тамағын төлеп кетеді. Муфтидің өзі оқып таныстырған шарт қағазда «қабілеті жоғары муридтер төрт жылды бітіре алады, бірақ бір жылға артық төленген қаражат медресе қорында қалады» делінген. Әбді дәл осындай талапты бала болып шығады. Төрт жылда медресені үздік бітіріп, елге ахун болып оралады. Мешіт ашып, бала оқытады деп».
Әбді Ахунның Мырзайыр-Басқұдық маңындағы Атжолдың астындағы мешіті сол төңіректегі салынған мешіттердің алғашқысы және бірнеше бөлмеден тұратын үлкені болса керек. Ахун мешіт салу мақсатында Форт-Александровскідегі орыс көпесі Захар Дубскийден көмек сұрап, хат жазып, екі азаматты жұмсайды. Ол кезде құрылыс материалдарының тапшы екені белгілі. Хатта өзінің кім екенін, құрылыс заттарының не үшін қажеттігін нақтылап жазған. Ахун хатына түсінікпен қараған көпес ел ішінде беделі бар сауатты адамның меселін қайтармай, қажетті құрылыс заттарын өз адамдарымен 2-3 ат арбамен Форт-Александровскіден 300 шақырым қашықтықтағы Мырзайыр-Басқұдыққа жеткізіп береді. Мешіт құрылысына ахун өзі басшылық еткен. Әбді Ахунның мешіт салу үшін орыс көпесінен құрылыс заттарын алғанын ахунның шәкірті, кейіннен ұстаз ісін жалғастырушы Қырымқұл Дихан ақсақалдың айтқандары нақтылай түседі.
Әбді Ахунның алдынан талай білімдарлар шығыпты. Солардың бірі - кейіннен Стамбұлда діни білім алған, Бомбей университетінің геология факультетін бітірген Көрпе Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы.
Ахун діни сауаттылық берумен қатар, ауырған, сырқаған адамдарға да шапағаты тиіп отырған. Заманында жанары ғаріп болған адамдардың да көзін ашқан екен. Мысалы, Әбді Ахун қорымында Тоқабай Жармағанбетұлы Абдулланың моласы бар. 1892 жылы туылған, 1968 жылы қайтыс болған. Осы Абдулла бала кезінде екі көзі бірдей су қараңғы болып көрмей қалады. Әкесі баласын Әбді Ахунға алып келген екен. Әбдінің перілерді қайтару арқылы баланың көзін ашқаны туралы дерек бар. Бұл деректі сол Жармағанбетұлы Абдулланың қазір Онды ауылында тұратын баласы Абдуллаұлы Ақмұрат растай түседі. Ол, әкем ес білген соң маған: «Мені дүниеге алып келген әке-шешем болса, сол дүниеде денсаулықпен өмір сүруді, ұрпақ өсіруді сыйлаған пірім - Әбді Ахун әкем. Сондықтан, мен о дүниелік болып жатсам, алаңдамастан менің сүйегімді Әбді Ахун қасына тапсырыңдар» деп аманаттаған еді. Сол аманатын орындап, әкем қайтыс болғаннан кейін Әбекеңнің қасына жерледік», - дейді.
Әбді Ахун 1917 жылы қайтыс болғаннан кейін, мешіт он жылдай халыққа қызмет еткен. Оның жұмысын Қырымқұл Дихан, Мая Бердіқожа Ахун, оның баласы Ақназар ишандар жалғастырған.
Әбді Ахун ұрпақтары туралы айтатын болсақ: Сәлем, Қайролла деген екі бала сүйді. Сәлемнен Қамиулла, Ханимолла, Әріпулла деген балалар болған. Алдыңғы екеуі жас кезінде қайтыс болыпты, олардан ұрпақ жоқ. Әріптен үш ұл, жеті қыз туылған. Екі ұл жас кезінде ше-тінеп, Сәрсен атты баласы 2007 жылы дүниеден озды. Сәрсеннен Әдемі деген қыз бала бар. Қыздары тұрмыста, үйлі-баранды. Әбдінің Қайролласынан Мусабек есімді ұл және Қазына, Мадина атты қыздар бар, қазір балалы-шағалы өмір сүруде.
Мешіттер ұстаған діни зиялыларды, байлар мен феодалдарды тап жауы ретінде тұтқындап, түрмеге тоғытуды бастаған Совет саясатынан үріккен Әбді Ахун балалары Сәлем мен Қайролла көрші түркмен еліне қоныс аударған. Ахуннан қалған құрандарды, діни кітаптарды сақтауға, алып кетуге мүмкіндік болмаған соң, асығыс жағдайда сол жердегі Атжол аталып кеткен тау кеуектеріне, үңгірлеріне жасырған. Кейіннен ол кітаптар дұрыс із-дестірілмеген, табылмаған. Тек шамамен 1975 жылдары ауылдың мал бағып жүрген балалары таудың қуысынан бір-екі кітапты тауып алып, сол кездегі Ұштаған ауылындағы мектептің мұғалімі Шаңытбай Досатовқа тапсырыпты деген дерек бар.
Әрекеңнің айтуына қарағанда әкесі Сәлем діни са-уатты, көзі ашық адам болған. Ахун әкесінің мұрасы ретінде мұқабасы алтын жалатылған, қалтаға салып жүретін құранын және мөрін өзінде сақтап қалған. Дінбасыларының ұрпақтарын індете қуған қызыл жендеттер 1937 жылы түркмен еліндегі Қарабұғаз поселкесін қоныстанған Әбді Ахун баласы Сәлемнің де үйіне жетті. Сол жылы қазан айында Сәлемді тұтқындап, Ахунның құраны мен мөрін алып кеткен. Сөйтіп, Ахун атаның соңғы мұрасы да жоғалды. Сәлем сол кеткеннен Ресейдің Ярославль губерниясы Рябинск қаласындағы №315 колониясынан бір-ақ шыққан. «1941 жылы соғыс басталғанша хаттар мен азық-түлік алысып тұрдық, соғыс басталысымен әкем хабар-ошарсыз кетті. Сірә, «штрафной ботальонмен» алдыңғы шепке алынып, соғыстың басында-ақ опат болды-ау» деп жорамалдайды баласы Әріп. Әрекең 2010 жылдың көктемінде 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ол өмірде естігені мол, көргені көп, тыңдаушысына айтары бар ақсақал болып дүниеден озды.
Әбді Ахунның кіші баласы Қайролланың тіршілігінің біразы сүреңсіз, қиындықта өтті. Уақытында ахун-ғазіреттің баласы ретінде бірнеше рет жұмыстан шеттетілді, 1957 жылға дейін қауіпсіздік комитетінің бақылауында болды. Оқудан, өнерпаздар қатарынан қуылды. Қайрекең бар ауыртпалықты арқалай жүріп, өзінің өнерпаз-дық, жыршылық қабілетімен Ұзақбай жырау, Мұрат Өскінбаевтармен бірге ашаршылық, соғыс және соғыстан кейінгі қиыншылық кезеңде Жаңғақ (Түркменстан) жерінде халықтың еңсесін көтеруде тер төгіп, атсалысқан адам. Өзі де жыр, терме шығарумен айналысты. Қайролла 1996 жылы 84-ке қараған шағында о дүниелік болды.
Ағымдағы шілде айының 5-і күні Қырымқұл ата ұрпақтары Ұштаған ауылының күнбатыс бетіндегі 10-15 шақырым жерде орналасқан Атжол жерінде Әбді Ахун басына кесене тұрғызып, ас беріп, құран оқытты. Жиында Әбді Ахунның өмірі туралы біршама деректер айтылып, баяндама оқылды. Бес жүзге жуық адам қатынасты. Олардың арасында облыстық, аудандық әкімдік өкілдері, жергілікті мешіттің имамдары бар. Жиында аталып өткендей, түбегіміздің тарихи тұлғаларының бірі, халқын имандылыққа баулыған Әбді Ахун рухына бағышталған шаралар тек кесене тұрғызумен шектелмек емес. Ахунды мәңгі есте қалдыру мақсатында мешіт, көше аттарын беру мүмкіндігі қарастырылмақ және басқа да шаралар жоспарланған.

Әзен Мәткерұлы, Ақшұқыр ауылы

 

Полезное

Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
 

Праздники Казахстана

Новости Казахстана