ЖАРТЫ ЖЫЛДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР
Рейтинг пользователей: / 0
ХудшийЛучший 
Автор: Нұр Ардақ   
29.07.2010 08:49

Кешегі жетіде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өлке басшысы өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың айтуынша, Елбасы мен Үкімет алға қойған міндеттерге байланысты ағымдағы жылдың басты мақсаты - қоғамның әлеуметтік орнықтылығы мен еңбекпен қамту стратегиясының арықарай іске асырылуын қамтамасыз ету және дағдарыстан кейінгі кезеңде, оның ішінде үдемелі индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканы жаңарту. Сонымен...

Өнеркәсіп
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 750 млрд. теңге көлемінде өнім өндірді. Заттай көлем индексі - 100,8 пайыз. Өндеу секторында өнім көлемі 23 пайызға артты. Сектордың барлық саласында дерлік өндіріс көлемі 2-6 есе ұлғайған.
«Қазақстандық үлесті» арттыру мақсатында жергілікті компаниялар 83 млрд. теңге көлемінде 34 меморандумға қол қойған, жарты жылдың өзінде 115 млрд. теңге көлеміндегі келісім-шарттар іске асырылды.

Инвестиция
Өңір экономикасына жарты жылда 138 млрд. теңге тікелей инвестиция құйылды, бұл - өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 6% артық. Облыстың инвестициялық тартымдылығын «Fitch» халықаралық рейтинг агенттігі тағы бір мәрте растады. Биыл облыс рейтингісі бұрынғы жоғарғы деңгейінде расталды.

Индустрияландыру
Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жарты жылда 4 өндірістің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді: Баутин кентіндегі шағын кемелерді жөндеу зауыты; Түпқараған ауданындағы теңіз операцияларын қолдау базасы; Бейнеу селосындағы диірмен мен мал азығы зауытын қамтитын элеватор кешені құрылысының бірінші кезеңі; Мұнай және газ өнеркәсібін қамтамасыз етуге арналған қысыммен жұмыс істейтін сауыттар, сепараторлар дайындау және құбырлар өңдейтін өндірістік база құрылысының екінші кезеңі.

«Ақтау теңіз порты»
Арнайы экономикалық аймақта қазірдің өзінде экспортқа бағдарланған ірі 8 жоба іске асырылуда, тағы да 4 жоба аталған аймақта қажетті инженерлік инфрақұрылым салынған соң басталатын болады. Биылғы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, игерілуде.

Құрық порты
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеру аясында Құрық теңіз порты мен жұмысшылар кентін дамытудың бас жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жалғастырылуда. Үш жылда жұмысшылар кентінің 11 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысаны іске асырылды. Кентті дамытуға осы кезеңде бағытталған тек бюджеттік инвестициялардың өзі 5 млрд. теңгеге жуық.
Ал теңіз портына келер болсақ, бүінде жоспарланған 19 нысаннан қуаты жылына 40 мың тонна металл бөлшектерін құрастыруға жететін «Ерсай» Каспий верфінің құрылысы аяқталды.

«Кендірлі»
Халықаралық курортты дамыту жобасы қаржыландырыла бастады. Курорт аумағы геотехникалық тұрғыда зерттелді. Сыртқы инженерлік инфрақұрылым нысандары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері толығымен дайын. 15 шілде күні инвесторлар облыс әкіміне «Кендірлінің» бас жоспарын таныстырды.
 
Каспий энергетикалық хабі
Жоба бойынша 5 сыртқы инженерлік инфрақұрылым нысанының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталуда. Осы нысандардың құрылысына биылғы жылы республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

«Ақтау-Сити»
Таяу күндері жоба бойынша алғашқы «Аққу» шағын ауданының құрылысы басталмақ. Онда қол жетімді тұрғын үйлер, екі балабақша, 1200 орындық мектеп, спорт кешені, сауда және бизнес орталықтары бой көтеретін болады. Сондай-ақ, коммуникация мен абаттандыру жұмыстарының жобасы дайын. 

Жоғарғы білім
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетін дамыту бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен студенттік жатақхана құрылысы жүргізілуде. Университет қалашығының аумағында ақпараттық-есептеу орталығы бар кітапхана, жүзу бассейні бар спорт кешені, ботаникалық бақ пен инжиниринг орталығын салу мәселелері шешілуде. Атап өтетін жайт, жуырда Германияның Магдебург қаласындағы Өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру және автоматтандыру институтымен университет базасында Орта Азия елдеріне арналған Инжиниринг орталығын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Кәсіпкерлікті дамыту
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны, өткен жылмен салыстырғанда 28% өсті. Олардың облыстың экономикалық белсенді тұрғындары арасындағы үлес салмағы 31-ден 35 пайызға дейін артып отыр.
Жарты жылда шағын несие ұйымдарынан 196 млн. теңге көлемінде 209 шағын несие беріліп, 441 жұмыс орны құрылды. Айта кетерлігі, ресурстардың 70%-ын ауылдық кәсіпкерлер игеріп, ауылдарда жаңадан 338 жұмыс орны құрылды.
Отандық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020» жаңа бағдарламасын өңірде іске асыра бастауға республикалық бюджеттен 390 млн. теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша қамтылатын жобаларды іріктеу үшін құрылған үйлестіру кеңесіне қазірдің өзінде 35 әлеуетті қарызгерден өтінім түсті.

Еңбекпен қамту
Облысымыз - өз ресурстары есебінен «Жол картасын» жүзеге асыруға қосымша 1 млрд. теңге бағыттаған санаулы облыстардың бірі. Жалпы, бағдарламаны орындауға барлығы 5 млрд. теңге бағытталды.
Жыл басынан бері облыс бойынша 16 мыңға жуық немесе өткен жылдың бірінші жарты жылдығынан 1,5 есеартық жұмыс орны құрылды.. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 0,8-ден 0,6 пайызға төмендеді.
Өңір кәсіпорындарымен өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде өзара ынтымақтастық туралы 206 меморандумға қол қойылды. Бүгінде жұмыс берушілердің барлығы да қабылдаған міндеттемелерін орындауда.
Кәсіпорындар өткен жылғыдан 4 есе артық - 1936 әлеуметтік жұмыс орнын құрды. Сондай-ақ, «жастар тәжірибесі» бойынша жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерін де жұмыспен қамтыды.

Бюджет
Жарты жыл ішінде облыс кәсіпорындары мемлекет қазынасына (Ұлттық қорды есептегенде) 180 млрд. теңге салықтар мен төлемдер аударды. Бұл облыстық бюджеттің шығыс бөлігін жыл басында нақтыланған көлемнен екі еседей дерлік - 43 млрд. теңгеге ұлғайтып, 90 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.
Кен игеруші компаниялар қаражатын және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен бөлінген тікелей қаржыны қоса алғанда облысты дамытудың тұтас бағдарламасы 109,2 млрд. теңгені құрады.

Бағалар
Облыс осымен үшінші жыл өңірде тұтыну бағаларын төменгі деңгейде сақтап келеді. Жарты жылдың қорытындылары бойынша көрсеткіш - 103,8%, бұл - республиканың барлық өңірлері арасындағы ең төменгі деңгей.
Облыс бойынша тұрмысы төмен азаматтар үшін тауарлары нарықтағыдан төмен бағамен сатылатын 48 әлеуметтік дүкен және 22 дәріхана жұмыс істейді.

Инфрақұрылым
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аудандарды инженерлік инфра-құрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының қолданыстағы жылу, су және газбен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау мен жаңғырту міндеттері жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа ағымдағы жылы 12 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды.
Ағымдағы жылы облыстың автомобиль жолдарын дамытуға барлық қаржы көздерінен 5,2 млрд. теңге жұмсалды.
   
Үлескерлік құрылыс
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Заветная мечта-1» тұрғын үй кешенінің құрылысына қаржылай көмек көрсетілді. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 300 млн. теңгедей бөлінді.
 
Білім беру
Саладағы шығыстар өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 млрд. теңгеге ұлғайып, 24,2 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы алға қойған басымдық - мектепке дейінгі балалар ұйымдарының желісін көбейту. Жыл басынан бері 1200 орындық 24 мектепке дейінгі мекеме, оның ішінде үш балабақша қайта қалпына келтірілсе, 14 шағын орталық ашылды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыс бойынша орташа балы - 90 бірлікті құрады, бұл - республика бойынша бірінші көрсеткіш. Жүз балдан артық жинаған оқушылар саны 2 есеге өсті. Жас түлектердің 54-і «Алтын белгі» иегері атанды.
Облыстағы колледждер мен лицейлерде мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 2 еседей ұлғайтылды. Ондағы оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 17 мыңнан 25 мыңға дейін көбейді.

Денсаулық сақтау
Саланың 2010 жылға арналған шығыстары - 13,3 млрд. теңге, бұл - 2009 жылмен салыстырғанда 820 млн. теңгеге артық. Қаражаттың азғантай ғана өсуі, биылдан бастап инфекциялық, туберкулез және психиатриялық қызметтерден басқа барлық ауруханаларды қаржыландырудың республикалық деңгейге өтуіне байланысты болып отыр.
Медициналық көмекті тиімді ұйымдастыра алу арқылы жарты жыл ішінде нәрестелердің шетінеуін 1,2 есе азайтуға қол жеткізілді. Шүкір, бірде-бір ананың өліміне жол берілген жоқ.
Туберкулезбен сырқаттану және осы дерт салдарынан көз жұму көрсеткіші орта есеппен 30% төмендеді.
Денсаулық сақтау ұйымдарының желісі жаңартылып, кеңейтілуде.

Мәдениет және спорт
Қасиетті Пір Бекет атаның 260, Иса мен Досан батырлар басшылық еткен азаттық қозғалысының 140 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтпек. Қазір аталған мерейтойларға дайындық жүргізілуде.
Облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі тегін секцияларда бокс, күрес және ауыр атлетикадан 25 жаңа топ құрылды. Жаңадан жүзу, ат спорты, у-шу, оқ және нысана ату сияқты бөлімдер ашылды. Бұл 4 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді спорттың бұқаралық түрлерімен қосымша қамтуға мүмкіндік берді.

Қауіпсіздік
Полицияның материалдық-техникалық жағдайы нығайтылды: 44 қызметтік арнайы автокөлік алынды, барлық учаскелік пункттер қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылды, қызметкерлерге арналған ведомстволық тұрғын үй құрылысы басталды.
Жыл басынан бері ішкі істер органдарының штат саны 339 бірлікке көбейтіліп, мектеп және учаскелік инспекторлар, патрульдік және жол полициясы қызметкерлерінің қатары толықтырылды.

Қоршаған орта
Күні кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың облысқа жұмыс сапары кезінде су басқан мұнай ұңғыларын тез арада жою, мұнай компанияларының күшімен төгілген мұнайды жою орталығын құрып, оның бірін Ақтау теңіз портында орналастыру, сондай-ақ өңірде Каспий теңізінің проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтын және құрлық пен теңіздегі мұнай ұңғыларын жоятын мамандандырылған республикалық орталық құру қажеттігі туралы ұсыныс жасалды.

Сумен қамту
Үкіметке «Астрахань-Маңғыстау» су құбырына қосалқы түрде «Қиғаш-Бейнеу-Ақтау-Жаңаөзен» бағыты бойынша өңірге Еділ суының қосымша көлемін әкелетін тағы бір тін тарту ұсынысы қойылды. Бұл түбекті сапалы сумен жеткілікті жабдықтау мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Оралмандарға жәрдем
Ақтау қаласында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы іске қосылды. Оралмандар көптеп қоныстанған Мұнайлы ауданын дамытуға қажетті жағдайлар жасалынуда. «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыра бастауға 540 млн. теңге қаралған. Құрық селосының Ералиев станциясында тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымның, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр тұрғын жай алабында инженерлік желілер құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Жаңаөзеннің жағдайы
Биыл екінші жыл Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экномикалық проблемаларын шешу жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Ағымдағы жылы қала проблемаларын шешуге шамамен 15 млрд. теңгедей бағытталады, бұл - өткен жылғыдан 2,5 есеге көп. Жыл соңына дейін 25 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.

 

Полезное

Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
 

Праздники Казахстана

Новости Казахстана