Қызылқала қалашығы
Курс валют в Актау
на 20/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
20 Апреля, 07:17
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Қызылқала қалашығы

29 Октября 2014 (06:03) | 5792 | Автор: Redactor

 

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы аймағында төрт орта ғасырлық елді мекендердің қалдықтары белгілі. Солардың бірі-Маңғыстау ауданы аумағындағы Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан Қызылқала қалашығы 10 ғасырдың екінші жартысы-13 ғасырдың басы кезеңдеріндегі неғұрлым маңызды ескерткіш болып табылады. Осы аты аңызға айналған тарихи ескерткіш туралы «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Нұрлан Өтесінов әңгімелеп берді.

 

«Ерте орта ғасырларда Маңғыстау облысы аймағынан белгілі Ұлы жібек жолы деген континент аралық сауда жолдарының солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегінің аймағы құрлық және теңіз сауда қатынастарының тамаша ұштасқан сауда жолдарының транзиттік бөлігінің бірі ретінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда алғашқы отырықшы елді мекендер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалау алқаптарында-портты қыстаулардың пайда болуына себебін тигізді. Теңіздегі сауда барлық каспий маңы мемлекеттерін біріктірді.

 

Бұл археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын-ала жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындысы Қызылқала-ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары болып табылады деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл жерден табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы 10-11 ғғ. кезеңдерінде басталған, ал қайнаған өмір 13 ғ. екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған.

 

 

Қызылқала қалашығына алғашқы зерттеулер өткен жүзжылдықтың 70-ші-80-ші жылдарында КСРО ҒА Археология институтының Еділ-Орал археологиялық экспедициясымен ресей археологы Л.Л. Галкиннің жетекшілік етуімен жүргізілген. Бұл экспедицияның нәтижесінде ескерткіш құрылымы мен өмір сүру уақыты жайында алғашқы деректер алынды. Қалашықты зерттеудің жаңа кезеңі Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығымен 2004 жылы басталды және әзірге аяқталған жоқ. Зерттеудің негізгі мақсаты-қалашықтың құрылыс тарихы мен оның белгілену уақытын зерделеу. Бұл жұмыстар жергілікті археолог А.Е. Астафьевтің жетекшілігімен жүргізілуде. Соңғы жылдары дала жұмыстары кезеңдеріне қазақстандық және ресейлік археологтар М.Д. Қалменов пен В.В. Плахов қатысты»,-деп мәлімдеді облыстық тарихи-мәдени қорық директорының орынбасары Нұрлан Өтесінов.

 

Оның айтуынша, «Қалашық құрылысының тарихы саз-балшықтан соғылған бекіністің іргесінен басталған. Бекініс жоспарда он екі бұрыштық және төртбұрышты аралық мұнаралармен 110 х 115 м дұрыс төртбұрыш пішінінде болып келеді. Диагоналды қақпалары мұнаралы бекініс қабырғаларының біріне жанаса, солтүстік-шығыс қабырғада орналасқан. Ішкі периметрі бойынша бекініс қабырғаларына кең аула пішінінде, бұл құрылысты алып керуен-сарайға айналдырған кең көлемді тұрмыстық және шаруашылық бөлмелер жалғаса салынған болуы мүмкін. Елді мекен өмірінің біраз уақыттарынан кейін бекіністің саз-балшықты қабырғалары алдыңғы беті жағынан қалқан түрінде қалыңдығы 2 м дейін ірі тұтас табиғи шомбал қалау тастарымен қапталған. Тас қабырғалар бекіністі алынбас қамалға айналдырды.

 

 

Уақыт өте келе бекініс айналасына қолөнер-сауда елді мекені-орамдар мен жекелеген үй-жайларға бөлінген рабат қалыптасады. Археологтар үйлердің іргетастары, тұрғын-үй бөлмелерінің құрылымдық элементтері (пештер мен от жағу орындары, қолжуғыштар, жататын және отыратын орындар, дәрет алуға арналған бөліктер, жерқоймалар) және мәдени шөгінділер нәтижесінде пайда болған алты құрылыс қабаттарын анықтады. Сондай-ақ, құрылыс аумағынан түрлі шаруашылық және тұрмыстық мағынадағы көптеген шұңқырлар анықталды. Қазба жұмыстары барысында кең көлемді болып келетін бөлмелердің аралары кішілеу етіп бөлінген тұстарында, яғни, қалашықтың осы бөлігінде халықтың тығыз болғандығын білдіретін бірнеше бөлмелі құрылыс қалдықтары айқындалды».

     

- Елді мекеннің барлық аумағында тас диірмендердің сынықтары кездеседі, ал жоғарғы мәдени қабаттардан егін оратын бүтін орақ табылды. Қалашық айналасын тексеру барысында ежелгі диқаншылық кәсіп игерілген кең жер бөлігі анықталды. Бұл табыстар қызылқалалықтардың дәнді дақылдар мен бақша мәдениетін белсенді игеруі жайындағы айғақтар болуы мүмкін.

 

Қалашықтың мәдени қыртысы тұрғындардың тамағы ретінде қолданған жануарлардың сүйектеріне толы. Қой, қозы, жылқы, түйе және қабанның сүйектері байқалады. Қала тұрғындарын жергілікті көшпелі-малшылар малмен қамтамасыз еткен болу керек. Қалада ішкі сауда дамыған. Бұл жерден әзірге тиындар табылған жоқ, бірақ ақша орнына қолданған болуы мүмкін сырға түріндегі және сом мыс сақиналар жиі кездеседі.

     

 

Бұл жердің көзешілері (қыштан зат істеушілер) көптеген сан-алуан шаруашылық, тұрмыстық және асүй ыдыстарын өндірген, оның ішінде құйма қышын дайындау бойынша әрекеттерді де жүзеге асырған. Ыдыс-аяқтардың көпшілігі көзешінің ұршығы көмегімен дайындалған. Ыдыс-аяқтардың бір бөлігі Хорезм мен Ираннан тасып әкелінген. Жекелеген үй-жайлардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген.

 

Қызылқалада зергерлік шеберхананың болғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтармен қола және күмістен құйылып жасалған ұсақ бұйымдар, зергерлік әшекейлерді құюға арналған тас пішіндердің сынықтары, амальгама (сәндік бұйымдарға алтын жалатуда қолданатын алтын мен сынап қоспасы) тасымалдауға арналған қыш ыдыс-сфероконус табылды. Шыны, нефрит, гагат, ақық (қызыл, қызғылт сары түсті асыл тас), тау хрусталі, көк тас және кәріптастан жасалған түрлі түсті моншақтар жиі кездеседі. Мыс пен жезді өңдеу тәрізді аса күрделі кәсіп те өркендеген,-деп тұжырымдаған Нұрлан Өтесіновтың баяндауынша: «Манкашлаг-ол Хорезм, Саксин және орыс өлкесі аралығында, Табаристан теңізі Джейхун ағып құятын теңіз маңында (орналасқан), Хорезм аймағының шетіндегі алынбас қамал. Абу-л-Му'айяд ал-Муваффак ибн Ахмед ал-Мекки ал-Хорезми айтқан (өлеңдері) және өзінің баласы ал-Му'айядқа жазып қалдырған, ол сол кездерде Манкашлагқа кетіп қалған.

 

Оны (Манкашлагты) жаулап алған хорезмшах Атсыздың даңқын шығаруға арналған өлеңдері де бар:

«Сен жібердің Манкашлагқа қорқынышқа найзағай

Сенің өткір семсеріңнен тұрғындардың зәресі ұшты».

 

Қазірдің өзінде Қызылқала қалашығын атақты Манкашлаг қамалымен салыстыруға болатын ғылыми негізделген тұжырым бар».

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему